Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Францияда жаңа саяси дағдарыс: премьер-министр Лекорню 26 күннен кейін отставкаға кетті

7 Қазан 2025, 00:32
629
Бөлісу:
 AFP 2024 / Ludovic Marin
Фото: AFP 2024 / Ludovic Marin

Францияда премьер-министр Себастьен Лекорнюдың күтпеген отставкасы елді жаңа саяси дағдарысқа әкелді. Үкімет басшысы небәрі 26 күн қызмет атқарып, отставкаға кететінін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Лекорню қызметінен кеткеннен кейін бірнеше сағат өткен соң, Президент Эммануэль Макронның “елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету жоспарын әзірлеу” туралы ұсынысын қабылдады.

Бұл шешім Париж қор нарығындағы құлдырау мен елдің экономикалық болашағына қатысты белгісіздік жағдайында қабылданды.

Лекорню Францияның соңғы тоғыз ай ішіндегі үшінші премьер-министрі болды. Бұған дейін Франсуа Байро үкіметі парламенттің бюджетті қолдаудан бас тартуына байланысты отставкаға кеткен еді.

Жаңа үкіметтің құрамы Ұлттық жиналыстағы барлық партиялардың сынына ұшырап, оппозиция сенімсіздік білдіру ниетін жариялаған болатын. Бұрынғы қаржы министрі Бруно Ле Мэрдің қорғаныс министрі болып тағайындалуы да жағдайды ушықтырды.

Елисей сарайының хабарлауынша, Лекорнюға саяси партиялармен келіссөздер жүргізу және елді “тұрақтылық жоспары” төңірегінде біріктіру үшін тағы 48 сағат уақыт берілген.

Францияда саяси тұрақсыздық 2024 жылдың жазынан бері жалғасып келеді. Макрон Еуропарламент сайлауындағы жеңілістен кейін мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізген еді. Алайда нәтижесінде елдің заң шығару органы идеологиялық тұрғыда үш түрлі лагерьге бөлініп, бір-бірімен ынтымақтаса алмай қалды.

Қазір кейбір партиялар жаңа сайлау өткізуді, ал басқалары Макронның өз еркімен отставкаға кетуін талап етуде. Дегенмен, мемлекет басшысы бұл ұсынысты қабылдамай, 2027 жылға дейін өкілеттігін атқаруға ниетті екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Өзгелердің жаңалығы