Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Франция: Венесуэла президентін тұтқындау – халықаралық құқықты бұзу

Кеше, 14:15
297
Бөлісу:
 Anadolu Agency
Фото: Anadolu Agency

Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Венесуэла президенті Николас Мадуроның ұсталуына әкелген АҚШ-тың әскери операциясы күш қолдану қағидаттарына қайшы келіп, халықаралық құқықты бұзатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мадуроның билігіне қатысты пікір білдірген Барро оның венесуэлалық халықтан билікті тартып алып, негізгі бостандықтардан айырғанын айтып, «халықтың ар-намысы мен өзін-өзі анықтау құқығын өрескел таптады» деп бағалады.

Америкалық X әлеуметтік желісіндегі жазбасында ол Франция, соның ішінде араағайындық күш-жігері арқылы, венесуэлалық халықтың егемендігін құрметтеуді дәйекті түрде қолдап келе жатқанын, ал шешуші сөз сол халықтың өзіне тиесілі болуы тиіс екенін атап өтті.

Сонымен бірге Барро халықаралық құқық аясында әрекет ету қажеттігін ерекше айтты.

Николас Мадуроның ұсталуына әкелген әскери операция халықаралық құқықтың негізінде жатқан күш қолданбау қағидатына қайшы. Франция кез келген ұзақ мерзімді саяси шешімді сырттан таңуға болмайтынын, ал өз болашағын тек егемен халықтың өзі айқындайтынын еске салады,  – деп жазды ол.

Барро сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері саналатын мемлекеттердің осы қағидатты жиі бұза бастауы жаһандық қауіпсіздікке «ауыр салдар» әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Франция бұған дайындалып жатыр, бірақ мұндай жағдайды қабылдай алмайды, – деді ол. 

Сондай-ақ Франция БҰҰ Жарғысына адалдығын тағы бір мәрте растады, бұл құжат халықаралық іс-қимылдарға «әрдайым және барлық жерде» бағыт-бағдар болып қала беруі тиіс екенін айтты.

Франциядағы «Ұлттық майдан» (RN) партиясының жетекшісі Жордан Барделла Мадуроны «диктатурасы» мен «үздіксіз экономикалық дағдарысы» үшін сынады. Алайда ол халықаралық құқық пен мемлекеттердің егемендігін құрметтеу «таңдап қолданылатын қағида болмауы тиіс» екенін мәлімдеді.

Сырттан күшпен үкіметті құлату қабылдауға болатын жауап емес, керісінше, қазіргі заманның геосаяси тұрақсыздығын одан әрі ушықтырады, – деп жазды ол X желісінде.

Өзгелердің жаңалығы