Көктемде үйлерін су басқан Құлсары қаласының тұрғындары күн суытпай тұрып бүлінген баспаналарын ретке келтіруге асығуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көктемгі су тасқыны кезінде Құлсары қаласында 2650 жеке үйге су кірген. 1453 баспана тұруға жарамсыз болып қалғандықтан олардың иелеріне жаңа үй алуға қаражат берілді. 1180 тұрғынға үйлерін жөндеп алуға төлем жасалды.
Қала тұрғыны Әлжан Нұрмаханов жаңа үйінің іргетасын қалауды ойластырып жатыр. Көктемгі су тасқынынан кейін оның баспанасы қирап, толықтай сүрілген.
Құрылыстың кешігуіне бірнеше себеп бар. Бастапқыда Ә.Нұрмаханов өтемақының берілуін күткен. Кейіннен құрылысшылар таппай қиналған.
Қазір оның жаңа үйін Қарақалпақстаннан келген жұмысшылар тұрғызып жатыр.
Әлжан ағаның көршісінің үйі комиссия шешімімен жөндеуге келеді деп танылған. Қазір үй иесі жұмысшылар жалдап, іші-сыртын бүтіндеп жатыр.
Тұрғын күн жылыда баспанасын жөндеп алуға асығуда.
Әзірге оның отбасы қала маңындағы ауылда үй жалдап тұрып жатыр.
Бейсенбай Төлепов апаттан кейін қала маңынан жер учаскесін алып, жаңа үй көтерген. Оның бұрын тұрған үйі қирап қалған.
Қазір Төлеповтер отбасының жаңа баспанасында ішкі әктеп-сырлау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмысқа үй иелерінің ағайын-туыстары жұмылдырылған.
Үйдің қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылғанға дейін Төлеповтар киіз үйде тұрып келген. Оны аймақтағы қайырымдылық қорларының бірі беріпті. Қазір де киіз үй іске жарап тұр.
Төлеповтер қыркүйектің соңында жаңа үйде қоныс тойын тойлауды жоспарлап отыр.
Тасқын кезінде қаладағы бірқатар әлеуметтік нысан зардап шеккен. Қазір олар қалпына келтіріліп жатыр. Одан бөлек су шайған жолдар жөнделуде.
Тасқын салдарынан Құлсары қаласының 18 көшесі зақымданған болатын. Қазір қала ішінде 12,1 шақырым жол салынуда, оның 4,9 шақырымы толығымен аяқталды.
Жол жиектерін, жаяу жүргіншілерін жолдарын, бордюр салу жұмыстары толықтай жүргізілуде.
Үйлері қираған тұрғындар үшін қала аумағынан жаңа баспаналардың құрылысы жүріп жатыр. Олар Құлсарының «Болашақ» шағын ауданында бой көтеруде.
Жоспар бойынша жаңа ауданда соғылған 100 үй қыркүйек айында тұрғындарға тапсырылуы тиіс.
Қазір «Болашақта» құрылыстың қызған шағы.