Мемлекеттік орталық музейінде Шолпан Заманбекованың “Өнер құпиясы” атты жеке мерейтойлық көрмесі ашылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Көрмеге автордың 60-тан астам туындысы ұсынылған. Суретшінің еңбектері Қазақстанның, сондай-ақ жақын және алыс шетел музейлері мен жеке коллекцияларында сақтаулы.
Мемлекеттік орталық музейінде кескіндеме және графика бойынша суретші-қалпына келтіруші болып қызмет атқарып келеді. 40 жылдан астам шығармашылық, оның ішінде 21 жылдық музейлік қызметі барысында Шолпан Жақыпқызы ұлттық мәдениетті дамытуға және сақтауға зор үлес қосып, өз білімі мен тәжірибесін жас ұрпаққа үйретіп келеді. Білікті ұстаздың шәкірттері бүгінде әртүрлі салаларда табысты еңбек етіп жатыр,- деді Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртон.
Шолпан Заманбекованың шығармашылығы сан қырлы. Ол сәндік-қолданбалы өнер, батик, кескіндеме және графика сынды түрлі техникаларда жұмыс істейді. Бірқатар туындылары қазақтың тарихы (“Қазақтың таңбалары”, “Ортағасырлық қалалар”, “Сарайшық аңызы”) мен дәстүрлі өнеріне арналған. Шығармашылығындағы ерекше орынды туған өлкесінің табиғатынан шабыт алған туындылары алады.
Жаркент алқабының сұлулығын паш ететін акварельдік картиналары (“Күз”, “Таң”), Жетісу пейзаждарындағы нәзік лиризм (“Қаңтар”, “Лесновка”, “Сарқан”, “Арқас тау”, “Шежін”), жайлы аула мен бақ бейнелері (“Менің бағымда”), Астана көріністері (“Есіл”, “Астана”) және ана тақырыбы (“Ана мейірімі”) көрермендерді бейжай қалдырмасы анық. “Болашақ Жаркент” сияқты туындылары ел мен туған жердің даму кезеңдерін бейнелейді.
Көрме 2025 жылдың 25 қаңтарына дейін жалғасады.