14-15 қыркүйек күндері Алматыдағы Арбат алаңында “Kitap Fest Almaty” кітап фестивалі он жылдығын атап өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараны Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасы және қаланың Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қолдауымен «BAURZHAN foundation» қоры ұйымдастырған. 2014 жылы бастау алған фестиваль бүгінде әдеби мәдениетті насихаттаудың бірегей платформасы ретінде танылған және бұл дәстүрден биыл да жаңылған жоқ. Ерекшелігі сол, фестиваль 10 жылда алғаш рет екі күн қатарынан өтті, бұл мегаполистің кітапсүйер қауымын қуантпай қоймады.
«Келешек кітабы» ұранымен өткен мерейтойлық фестиваль түрлі бағдарламасы және кең ауқымымен таң қалдырды.
«Kitap Fest Almaty» кітапсүйер қауымды, авторларды және әдебиет саласындағы жетекші сарапшыларды біріктірген қазақстандықтар үшін нағыз мереке болды. Ол фестиваль кітапқа деген сүйіспеншіліктің символына және Қазақстандағы кітап мәдениетін дамытудағы маңызды кезеңге айналды. Кітап – ұлт руханиятын дамытып, жас буынды ізгілікке тәрбиелеуде аса маңызды рөлге ие. Kitap fest-тің басқа фестивальдерден айырмашылығы неде? Біріншіден, Kitap fest-бұл Қазақстандағы жалғыз кітап фестивалі. Екіншіден, бұл жай ғана кітап жәрмеңкесі емес, біз мәдениетті және оқуға деген сүйіспеншілікті насихаттаймыз. Әрбір кітаптың өз оқырманы бар. Сол сияқты әр жазушының да өз аудиториясы бар. Жобаның мақсаты оқырман мәдениетін дамытып, жазушылар мен оқырманға кездесу алаңын ұйымдастыру,- деді “Kitap Fest Almaty” ұйымдастырушы Ақтоты Жанатқызы.
Фестивал өткен екі күнде көрермендер көптеген интерактивті орындар арқылы кітап әлемін шарлады. Қазақстандық жазушылармен кездесулер, балаларға арналған түрлі шеберлік сыныптары, көрмелер мен конкурстар келушілердің назарынан тыс қалмады. Жетекші баспалар мен кітап дүкендерінің жәрмеңкелері кез келген талғамға сай кітаптар ұсынды, ал танымал тұлғалармен кездесулерде қазіргі әдебиеттегі трендтер мен жетістікке жетудің құпиялары айтылды.
Фестивальге 70-тен астам кітап дүкендері мен баспалар қатысты, жүздеген пікір жетекшілері сөз сөйледі сондай-ақ, қазақстандық авторлардың сиясы кеуіп үлгермеген 50-ге жуық жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Фестиваль қатысушылары әдебиеттегі болашақ тенденциялар туралы ой өрбітіп, мұндай шаралар елдің мәдени өсуі мен дамуына ықпал ететінін атап өтті.
Биыл біз алғаш рет баспа ретінде қатысып отырмыз. Байқағанымыз-көркем әдебиет, балалар әдебиеті, нонфикс жанры, олардың барлығы бізде өте жақсы дамыған. Алайда, ғылыми бағыттағы әдебиеттер мен баспалар өте аз. Сондықтан біз, былайша айтқанда, осы салаға үлес қосқымыз келеді. Келген қонақтар мен оқырмандардың шынайы көзқарасы мен қызығушылығы бізді бей-жай қалдыра алмайды. Фестивальге жыл сайын қатысамыз деп үміттенеміз, - деп атап өтті Qalan Publishing басшысы Садық Шерімбек.
Аталмыш шараға шетелдік қонақтар да қатысты. Түркия елшілігінің өкілі Айхан Коркмаз фестивальдің ауқымы мен форматына таңданыс білдіріп, мұндай іс-шаралар арқылы мәдени тәжірибе алмасу және халықаралық байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Фестивальдің 10 жылдығы өте керемет өтіп жатыр! Мұндай шаралар қоғам үшін әсіресе жастар үшін өте маңызды. Біздің мақсат екі ел арасындағы терең, тарихи және бауырластық байланысты көрсету. Фестивальмен әрі қарай да ынтымақтасамызды арттырамыз деген үміттемін,- деді Айхан Коркмаз.
«Kitap Fest Almaty» оқу мәдениеті жай хобби емес, тәрбие мен білімнің маңызды элементі екенін тағы бір дәлелдеп берді. Фестиваль тек мәдени мереке ғана емес, сонымен қатар, білімді және кітапқұмар қоғам құруға бағытталған маңызды қадам болды. Фестивальге келгендер мұндай оқиғалардың кітапқа деген қызығушылықтың артуына ықпал ететінін және жаңа жетістіктерге шабыттандыратынын айтты.