Алматы кітапханаларында 250 мыңнан астам оқырман бар. Өткен жылы оқырмандар кітапханаға 3 млн рет келген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қалалық мәдениет басқармасы БАҚ өкілдеріне кітапханалар бойынша пресс-тур ұйымдастырды.
Қазір мәдени астанада қала әкімдігіне қарасты 28 кітапхана бар. Оның үшеуі тәулік бойы жұмыс істейді. Оқырмандар үшін барлық кітапханаларда қолайлы жағдай жасалған.
Айта кетейік, бір жыл бұрын, маусым айында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін кітапханалар құру туралы бастама көтерген болатын.
Сондай кітапханалардың бірі - Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы. Бұл жерде оқырмандар тәулік бойы жұмыс істеп, кітап оқи алады. Оқырмандарға ыңғайлы болу үшін тамақтанып, демалатын орын жасалған.
Қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітап қоры 1 300 000 данадан асады, оның 18%-ы толығымен цифрландырылған. Сонымен қатар, кітаптар каталогы ОКЖ сайтында орналастырылған және барлығына қолжетімді. Сондай-ақ қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін үйге кітап жеткізу қызметі тестілеуден өткізіліп жатыр. Алматы кітапхаларына 40 жыл толуына орай бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр,- деді Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Мейрам Бектембаев.
Кітапханада көру қабілеті нашар немесе зағип оқырмандарға арналған Брайль пернетақталары да орнатылған. Брайль жүйесінің қозғалмалы нүктелері арқылы зағип оқырман кітап мәтінін саусақпен сезіп оқи алады.
Біз қаламыздағы зағиптар қоғамымен, сондай-ақ түрлі инклюзивті ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Сонымен қатар, балалардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру бойынша жұмыстарды белсенді жүргізіп келеміз. Ол үшін тегін тіл үйірмелерін, геймификация элементтері бар түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз, тіпті жұлдыздар мен жазушыларды шақырып, әдеби кештер өткіземіз. Бізде барлығы 140 тегін үйірме бар. Жалпы, қалалық кітапханалардың 95%-ы жаңғыртудан өтті. Біздің әрбір кітапханамыз балалар мен ересектер үшін жан-жақты даму орталығына айналған. Осының арқасында қалалық кітапханаларға оқырмандар жыл сайын кем дегенде 3 миллион рет келіп-кетеді», - деп атап өтті Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Мейрам Бектембаев.
Алматыда 2030 жылға дейін тағы 20 жаңа кітапхана ашылмақ. Сонымен қатар, саябақтарда, скверлер мен сауда орталықтарында кітапхана павильондары мен аппараттары пайда болмақ. Яғни, автоматтандырылған аппараттан кітапты тегін алып, оқыған соң қайта кітапханаға қайтара алады.