Фосфогипсті сатып алуды субсидиялау тиімсіз – Скляр

27 Маусым 2022, 11:51
1200
Бөлісу:
Фосфогипсті сатып алуды субсидиялау тиімсіз – Скляр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тараз қаласының іргесінде тау-тау болып үйіліп жатқан фосфогипс үйіндісінің қоршаған ортаға зияны тексеріледі.

Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына жолдаған жауабында айтты.

Экология кодексінде  қалдықтармен кезең-кезеңмен жұмыс істеуге бағытталған қалдықтар сатылығы көзделген, ол бойынша бірінші кезекте қалдықтардың түзілуін барынша азайту қажет, ал түзілген қалдықтарды қайта пайдалану, қайта өңдеу, кәдеге жарату және ең соңында полигондарда көму қажет, - деді ол.

Бұл ретте Кодекстің 318-бабының 1-тармағына сәйкес қалдықтарды түзуші немесе заңды иелігінде қалдықтар болатын кез келген тұлға қалдықтардың иесі.

Кодекстің 331-бабында қалдықтарды түзушілер болып табылатын кәсіпкерлік субъектілері қалдықтар түзілген кезден бастап берілген кезге дейін осындай қалдықтарды тиісінше басқаруды қамтамасыз етуге жауапты болады деп көрсетілген. Фосфогипс қалдықтарының иесі «Қазфосфат» ЖШС екенін ескере отырып, аталған заңды тұлға қалдықтарды қауіпсіз басқаруды дербес жүзеге асыруға тиіс, - деді Скляр.

Өңірлерге және фермерлерге тасымалдап жеткізу үшін субсидия есебінен қаржы бөлуге қатысты  да пікір білдірді.

Фосфогипс фосфор тыңайтқыштарын өндіру кезінде ілеспе өнім болып табылатынын және тыңайтқыш болып табылмайтынын ескере отырып, фосфогипсті сатып алуды субсидиялау тиімсіз деп санаймыз. Сонымен бірге, сіздердің сауалыңызда үйінділерде фосфогипстің жинақталуы экологиялық проблема, сондай-ақ Тараз қаласына жақын орналасуына байланысты қоршаған орта үшін елеулі қауіп төндіретіні атап өтілді. Осыған байланысты, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығы соңына дейін «Қазфосфат» ЖШС-не Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 10 желтоқсандағы № 493-п бұйрығымен бекітілген Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау субъектісіне 2 (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау тізімі негізінде профилактикалық бақылау жүргізіледі, - деді ол.

Профилактикалық бақылаудың нәтижелері бойынша «Қазфосфат» ЖШС тарапынан бұзушылықтар анықталған жағдайда, қолданыстағы заңнама шеңберінде шаралар қабылданатын болады. 

Тұтастай алғанда табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері Үкіметтің бақылауында, - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, депутаттар Жамбыл облысы аумағында фосфогипс қалдықтары тау-тау болып үйіліп, аймақтың экологиялық жай-күйіне үлкен әсер ететініне алаңдаушылық білдіріп, депутаттық сауал жолдаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы