"Fly Arystan" Алматы мен Тараз аралығына алғашқы ұшу сапарын сәтті аяқтады

3 Мамыр 2019, 19:29
2776
Бөлісу:
"Fly Arystan"  Алматы мен Тараз аралығына алғашқы ұшу сапарын сәтті аяқтады
Фото: автордан

Тараз қаласы, BAQ.KZ тілшісі. «Эйр Астана» әуе компаниясы «Fly Arystan» лоукастерінің Алматы мен Тараз аралығына алғашқы ұшу сапарын сәтті аяқтады. Алматыдан келген ұшақ көне шаһардың «Әулиеата» әуежайына қонды. Бұл тарихи сәтке қала жұртшылығы куә болды.

Енді Алматы мен Тараз қалалары арасындағы жолсапарлар уақыты айтарлықтай қысқарады. Жолаушылар екі шаһар арасында 40 минуттарын ғана жұмсайды. Әуебилеттің әуежай алымдарымен бірге есептегендегі бағасы 4 000 теңгеден басталады. Өзге қызметтерін қосқанда, 5 000-6 000 теңге шамасында болады.

Жолаушы ең төмен бағадағы билетімен 5 келіге дейінгі жүгін ақысыз алып жүруіне мүмкіндік бар. Одан жоғары болса, төлем жасауға тура келеді. Айталық, 30 келілік жүк 6 000 теңгенің шамасында есептеледі. Бір адам төлемін жасап 60 келіге дейінгі жүгін алып жүре алады. Ал борттық асты алдын ала сайтпен танысып немесе ұшақ ішінде төлем картасы арқылы сатып алуға болады. Орын таңдау, алғаш рет ұшаққа отырғандарға кеңес беру сынды қызмет түрлері де бар.

"Fly Arystan"  Алматы мен Тараз аралығына алғашқы ұшу сапарын сәтті аяқтады

Ұшу қызметін жүзеге асыратын «Эйр Астана» компаниясы лоукастерінің қызметкерлері – тәжірибелі мамандар. Қауіпсіздігіне барынша сенім артуға болады.

Алдағы уақытта Алматы-Тараз-Алматы бағытында 180 орындық заман талабына сай «Airbus A320» лайнерлерін әр күн сайын ұшыру жоспарда бар екен. Әуе компаниясы екі қала арасында бір жылда 130 мыңнан аса жолаушыны тасымалдауды жоспарлауда.

«Көпшілікке белгілі, аймақта туризм саласы қарқынды дамып келеді. Осыған орай өңірге келетін туристер үшін бұл бағыт өте ыңғайлы болмақ. Бағасы да қолжетімді. Жалпы, «Әулиеата» әуежайы әртүрлі санаттағы, түрлі бағыттағы ұшақтарды қабылдауға дайын. Осыдан бір-екі жыл бұрын әуежай толық жөндеуден өтіп, жаңа терминалдар қойылды. Енді жергілікті әкімдік тарапынан да осы бағыттың тұрақты түрде жолаушыларға сапалы қызмет етуіне бақылау болады», - дейді Жамбыл облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров.

Ал «Fly Arystan» әуе компаниясының сату және маркетинг жөніндегі директоры Жанар Жайлауованың айтуынша, билет құны белгілі бір бағадан бастап жоғары көтеріледі, түрлі тарифтер бар. Арзандары бітсе, қымбат орындары саудаға шығады. Сондықтан, жолаушылар билеттерді алдын ала, ертерек брондағаны абзал. Сол кезде билет әлдеқайда арзан болады.

«Мысалы, жолаушы күз мезгіліне жоспар құрса, билет арзан бағада болуы үшін қазірден брондап қойғаны жөн. Ал, демалыс, мейрам күндері сұраныс көп болғандықтан, арзан билеттер тез алынып қояды да, қымбатына кезігеді. Бағалардың құбылып отыруы бұрыннан бар. Бүгінде пойызбен немесе автокөлікпен баратын жол шығынымен ұшақтарымыз да теңесіп отыр. Бірақ Тараздан жеңіл көлікпен 6-7 сағатта баратын Алматыға 1 сағатта ұшып бару арқылы көп уақыт үнемделіп, басқа да шаруаларды сәтті тындыруға мүмкіндік бар. Бұйырса, осы жылдың соңында немесе келер жылдың бірінші жартысында шетелге де шығатын боламыз», – дейlі ол.

Өзгелердің жаңалығы