Фильмде қазақ әйелдерінің сабырлылығын көрсеттім – өзбек актрисасы

6 Желтоқсан 2021, 20:10
4011
Бөлісу:
Фильмде қазақ әйелдерінің сабырлылығын көрсеттім – өзбек актрисасы
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өзбекстанда қазақ пен өзбек халықтарының достығы туралы көркем фильм түсірілді. Бауырлас екі елдің берік байланысы бейнеленген «Мирас» кинокартинасында басты рөлдерді сомдаған актерлер елордада өткен Өзбек киносы күндерінің ашылу салтанатына қатысты. 

Көркем фильм ХХ ғасырдың басы мен ортасында болған шынайы оқиға желісі бойынша түсірілген. Туынды Қожа Ахмет Ясауи негізін салған діни-сопылық мектептің рухани құндылықтарын, қазақ пен өзбек халықтарының ежелден туысқандығын, берік байланысын және достығын суреттейді.

Жас актриса Айсанем Юсупова қазақ қызы Айгүлдің рөлін сомдау үшін еліміздің салт-дәстүрін зерттеп, қазақ тілін меңгерген. 

Фильмде қазақ әйелдерінің сабырлылығын көрсеттім – өзбек актрисасы

Мен - қарақалпақ қызымын. Қарақалпақ пен қазақ бір-біріне өте жақын, сондықтан маған қазақ қызының рөлін сомдау қиын болмады. Түсірілім барысында атпен шабу көріністеріне алдын ала дайындалдым, сол жері ғана қиындық тудырды. Аттан құлаған кездерім болды, бірақ түсірілім барысы өте қызық болды. Бұл фильмде басты кейіпкер Айгүл талай қиындықты еңсереді. Фильмде қазақ әйелдерінің сабырлылығын көрсеттім. Ол әуелі сүйіктісімен қосыла алмай қалады. Кейін үш баласының бірі сырқаттанып, көз жұмады. Жолдасы соғысқа аттанып кетеді. Фильмде дубляжды өзім жасағандықтан, бұрыннан білетін қазақ тілін тереңірек меңгере бастадым, - дейді 25 жасар актриса. 

Өзбек кино күндерінің ашылуына белгілі кино және театр әртісі Меруерт Өтекешова да келіп, қонақтарды қуана қарсы алғанын айтты. 

Өзбекстан делегациясының Қазақстанға келіп, осындай шараға қатысып жатқаны біз үшін үлкен мейрам. Олардың киноларын, мықты әртістерін өте жақсы көреміз. 1971 жылы әнші, биші, актерлермен бәріміз үлкен делегация болып Қазақстанның атынан Өзбекстанға барғанбыз. Одан кейін бір рет Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының атынан барып, өнер көрсеттік. Солардың сахнасында М. Әуезовтің «Қаракөз» драмасында ойнадым. Сондықтан Өзбекстан делегациясын елімізде қабылдағанымыз мен үшін үлкен қуаныш, - деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. 

Фильмде қазақ әйелдерінің сабырлылығын көрсеттім – өзбек актрисасы

Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кино саласын дамыту бойынша меморандумға қол қою рәсіміне «Қазақфильм» киностудиясының президенті, атақты режиссер Ақан Сатаев та қатысты. 

Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында елорда тұрғындары үш күн бойы өзбек киноларын тамашалай алады. Бүгін екі жақ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Осындай мерекелік шарада өзбек бауырларымызды құрметтеп, қошеметтеп қарсы алып жатырмыз. Өйткені біз 2 ай бұрын «Қазақфильм» делегациясымен Ташкент кинофестивалінде болдық, одан кейін Стамбулда, Минскіде бірге болдық. Енді Қазақстанда осындай ауқымды шара ұйымдастырып жатқанымызға қуаныштымын, - деді продюсер.

Өзгелердің жаңалығы