Өткен жылы атауын «Meta» деп өзгерткен Facebook әлеуметтік желісінде тағы да өзгерістер болып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдымен мультиаккаунтингпен күрес күшеймек. Қазір бір адамның басында бірнеше аккаунт бар. Енді фейсбук осындай парақшалармен жасанды интеллект арқылы күреспек.
Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы Оңғар Қабденнің айтуынша бұл қадам фейк аккаунттардың көптігінен жасалынып отыр.
Фейк аккаунттар қаптап кетті. Олар жай ғана пікір алмаспайды. Адамның жеке басына тисіп, киббербуллинг жасайды. Арандатумен айналысады. Жалған ақпараттар таратады. Сол үшін Фейсбук әкімшілігі осындай қадамға барған болуы керек,- дейді ол.
Сондай-ақ, соңғы уақытта қолданушылар оқырман санының күрт азайып кету жағдайларын да байқаған. Тіпті Украина туралы қазақ тілінде ақпарат таратқан авторлардың парақшасын анықтап, арыз тастау арқылы бұғаттап жатыр.
Белсенді қолданушы Қуаныш Еділхантегі банға кеткен қолданушыларды қазақ болып шығарып ала аламыз деп жазыпты.
Бір нәрсені анық білем - фейсбукте орыс редакциясында анық сөсоғарлар отыр. Себебі Украина туралы айтсаң, не Ресейді жамандасаң бірден банға кетесің. Осы кезге шейін мені құтқарып келген айналайын қазақ тілі! Бірақ сөзсоғарлар соңғы кезде қазақша да үйрене бастаған сияқты. Оның дәлелі Оңғар Қабден мен Арман Шораевтың банға кетуі. Бірақ оның да емі табылады екен - бәріміз ұйымшыл болсақ оларды баннан шығарып алуға болады екен,- дейді Қуаныш Еділхантегі.