Үндістанның Ахмедабад қаласында Ратха-ятра атты діни фестиваль кезінде көпшіліктің зәресін алған оқиға орын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сәнделіп безендірілген пілдің бірі шеру кезінде күтпеген жерден басқарудан шығып, адамдарға шабуыл жасаған.
baku.ws таратқан мәліметке сүйенсек, оқиға кезінде піл себепсіз дүрліге бастаған. Белгілі болғандай, бұл – 18 пілдің арасындағы жалғыз еркегі болған. Шеруге қатысып келе жатқан жануар адамдардың көптігінен немесе қатты шудан үркіп, күтушілерді де, жол жиегінде тұрған жұртты да тапап өте шыққан.
Пілдің артынан қираған конструкциялар құлап, бірнеше адам жарақат алған. Абырой болғанда, ауыр зардап шеккендер жоқ.
Куәгерлер бірден көмекке ұмтылып, жараланғандарға алғашқы жәрдем көрсеткен. Ал есіріп кеткен піл өзімен бірге тағы екі серігін ертіп, көшеде біразға дейін жүріп өткен. Оқиға орнына келген мамандар жануарға транквилизатор егіп, оны тоқтатуға мәжбүр болды.
Айта кетейік, Үндістанда пілдердің адам өміріне қауіп төндіруі жиі кездеседі. Ресми деректер бойынша, жыл сайын пілдердің шабуылы салдарынан 100-ден 300-ге дейін адам көз жұмады.