Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-пинистрі Асқар Мамин Қарағанды облысының жаңа ферроқорытпа зауытының ашылуына қатысып, өңірдің индустриялық нысандарына барды. Бұл туралы primeminister.kz сайтында хабарланды.
Үкімет басшысы Асқар Мамин Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында ферроқорытпалар өндіру зауытының ашылу салтанатына қатысып, тау-кен байыту кешенінің бірқатар кәсіпорнына барды.
Премьер-пинистр жаңа ферроқорытпа зауытының ашылуымен құттықтап, өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жоғары технологиялық кәсіпорынның маңыздылығын атап өтті. Жобаның ерекшелігі — «Индустрия 4.0» бағдарламасы аясында өндірістік циклдің жаңа технологиялық әзірлемелерін енгізу.
Кәсіпорында алғашқы кезеңдерде жылына толықтай экспортқа бағдарланған 180 мың тонна өнім шығару көзделген.
«Алдағы уақытта жыл сайын 240 мың тоннаға дейінгі көлемде өнім шығару көзделген. Газ тазарту жүйелерінің кешені және көмірдің орнына электр қуатын пайдалану атмосфераға таратылатын зиянды қалдықтарды толықтай бейтараптандыратынын, сәйкесінше, қоршаған ортаға теріс әсері барынша аз болатынын», - деді Асқар Мамин.
Жаңа ферроқорытпа зауыты металлургия саласындағы басты кәсіпорындардың біріне айналады және тек өңірдің ғана емес, сондай-ақ жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң үлесін қосады.
Ферросилицийдің негізгі көлемі Ресейге, Түркияға, Оңтүстік Кореяға, АҚШ-қа және Еуропалық Одақ елдеріне жеткізіледі. Сонымен қатар, дайын өнім өндіру кезіндегі қазақстандық қамту үлесі 94%-дан астамды құрайды.
Зауыт құрылысы кезеңінде мың жарымнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Оны пайдалану кезеңінде 350 тұрақты жұмыс орны ашылады, екінші кезең іске асырылған жағдайда олардың саны 550-ге дейін артады.
ҚР премьер-министрі Қарағанды облысының Қазақстанның өңдеу, металлургия, тау-кен өндіру өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, машина жасау саласын дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.
«Қарағанды облысында өнеркәсіпті әртараптандыру, жүйе құрушы кәсіпорындарды жаңғырту, инвестициялар тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Барлық тартылған инвестициялардың 93%-ы – жеке, олардың жартысы – шетелдік», - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Облыста 1 трлн-нан астам теңгеге 35 жаңа ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр, олардың 17-сі – шетелдік қатысумен. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында инвестициялар өсімі 72% құрады.
ҚР премьер-министрі Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында «Алайғыр» кен орнынның қорғасын-күміс кенін өңдейтін және байытатын, катодты мыс өндіретін кәсіпорындарына, сондай-ақ, «Көктасжал» кен орны базасындағы тау-кен байыту кешеніне барды.