Феррақорытпа зауытында күйік шалған жұмыскерлердің жағдайы белгілі болды

Бүгiн, 18:13
187
Бөлісу:
Феррақорытпа зауытында күйік шалған жұмыскерлердің жағдайы белгілі болды
Фото: Артём Чурсинов

Әлеуметтік желіде феррақорытпа зауытында күйік шалған 8 жұмыскерді ауруханаға қызметтік көлікпен әкетіп бара жатқан видео тарады. Осыған байланысты компания мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Кеше Қарағандының «YDD Corporation» феррақорытпа зауытында пештен кенеттен жалын шығуы салдарынан зардап шеккен 8 жұмыскер ауруханаға жедел жәрдеммен емес, компанияның қызметтік көлігімен жеткізілген. Компания таратқан мәлімдемеде зауыттың алыста орналасуы және көмекті барынша тез көрсету қажеттілігіне байланысты зардап шеккендерді Х.Мақажанов атындағы ауруханаға қызметтік көлікпен жеткізу жайлы шешім қабылданғандығын айтады.

Жұмысшыларға алғашқы шұғыл және амбулаториялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, қажетті медициналық көмек көрсету үшін компания Ресейдің Вишневский атындағы орталығынан күйіктерді емдеудің үлкен тәжірибесіне ие ең мықты дәрігерлер тобын арнайы ұшақпен қысқа мерзімде келуін ұйымдастырды. Олар біздің дәрігерлермен бірлесе жұмыс жасайтын болады, - деп хабарлады «YDD Corporation» баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, компания Түркия мен Израиль дәрігерлерімен бейнекеңес ұйымдастырған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, күйік шалған 8 адамның алтауының жағдайы өте ауыр деп бағалануда.

Науқастардың денсаулығы мен өмірі үшін күрес жалғасуда. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша қосымша медициналық көмек көрсету үшін Академик Н.Д.Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия орталығының директоры Олжан Бекарысов бастаған қызметкерлер арнайы келді, -дейді басқарманың баспасөз хатшысы Айнұр Абдиева.

Өзгелердің жаңалығы