Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Астанада басына кондиционер құлап, салдарынан қайтыс болған фельдшер ісіне қатысты тергеу барысын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ІІМ өкілінің айтуынша, алғашқы қылмыстық іс сапасыз құрылыс дерегі бойынша тергеліп жатыр. Екінші іс адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген қызметтер көрсету фактісі бойынша қозғалған.
Бұл жағдайда фельдшер қаза тапты. Қазіргі уақытта осы қылмыстық іс аясында Әділет министрлігінің сарапшылары бірқатар сот сараптамасын жүргізіп жатыр, олардың нәтижелерін күтіп отырмыз, – деді ІІМ өкілі Мәжіліс кулуарында.
Сонымен қатар Астана қаласының әкімдігі салалық министрлікпен бірлесіп, болған оқиға бойынша арнайы тексеріс жүргізіп жатыр.
ІІМ-де жақын уақытта тергеу нәтижелері бойынша тиісті акт алынатынын, содан кейін қоғамға қосымша ақпарат ұсынылатынын атап өтті.
Сондай-ақ оқиға кезінде құтқарушылардың әрекетіне қатысты мәселе де түсіндірілді.
Қазіргі уақытта құтқарушылардың әрекетіне құқықтық баға берілген жоқ, себебі олар өз бұйрықтары мен нормативтік-құқықтық актілерге қатаң сәйкес әрекет етті, – деп атап өтті Сандар Әділов.
Тергеу барысы бақылауда, оқиғаның барлық мән-жайы тергеу және сараптамалық іс-шаралардың қорытындысы бойынша анықталады.
Еске салайық, бұған дейін Астанада бірнеше адам ауыр жарақат алған оқыс оқиға болған еді. Тоғыз қабатты үйдің қасбетіндегі кірпіш пен кондиционер ілгіші опырылып, төменге құлаған. Салдарынан бес адам жарақат алып, олардың екеуі медицина қызметкері болған. Жарақат алған фельдшер ауыр жағдайда ауруханада жеткізілген болатын.
Біраз күннен кейін кондиционер құлаған 23 жастағы фельдшер қайтыс болды.