Қытайда өтуі тиіс Fed Cup матчі Нұр-Сұлтанға ауыстырылуы мүмкін

28 Қаңтар 2020, 11:47
1858
Бөлісу:
Қытайда өтуі тиіс Fed Cup матчі Нұр-Сұлтанға ауыстырылуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазір FedCup іріктеу матчтарын Нұр-Сұлтан қаласына ауыстыру туралы шешімді ҚР Үкіметі қарастырып жатыр.

Бұл туралы Қазақстан Теннис Федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Қытайда өткізілуі тиіс Fed Cup матчін Қазақстанға ауыстыру мәселесі Қазақстан Үкіметінің қарауында жатыр.

Бірқатар БАҚ беттерінде Халықаралық Теннис Федерациясына (ITF) сілтеме жасай отырып, коронавирус салдарынан ауыр дерттің өршуіне байланысты және Қытай аумағында жүріп-тұруға шектеу қойылуына байланысты Федерация Кубогінің матчін (ҚХР) Дунгуан қаласынан (ҚР) Нұр-Сұлтан қаласына ауыстыру туралы шешім қабылданғаны жайлы ақпарат тарады.  

Қазақстан Теннис Федерациясының хабарлауынша, ITF-тен ресми түрде өтінім 27 қаңтар күні түскен. Онда Дунгуан қаласында алдын ала жоспарланған Федерация Кубогінің Азия/Океания тобындағы іріктеу матчтарын Нұр-Сұлтан қаласында өткізу мүмкіндігі туралы жазылған.

Сол күні Федерациясы ҚР Үкіметіне аталмыш өтінімді қарастыру туралы өтініш жолдап, 2020 жыл 4-8 ақпан күндері аралығында Үндістан, Оңтүстік Корея, Қытай, Тайвань, Индонезия, Өзбекстан командаларының қатысуымен өткізілетін ойындарды өз елімізде қабылдауға техникалық тұрғыда дайын екенін растады. 

Осылайша, қазір FedCup іріктеу матчтарын Нұр-Сұлтан қаласына ауыстыру туралы шешімді ҚР Үкіметі қарастырып жатыр.

Аталмыш мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Медиаменеджер, Global Gift Foundation продюсері Алпамыс Шаримов матчті ауыстыруға қатысты пікірін білдірді.

Кәдімгі "қоқыс салатын жәшік" бар ғой, сол сияқтымыз! Ел-жұрттан қалған дүниені, осындай жағдайда, не үшін, кім үшін, қай аброй үшін өткізбек біздікілер??? Титтей де болса, шешім қабылдамас бұрын ойланды ма екен?! Жеке мен астананың тұрғыны ретінде бұл турнирдің бізде өтетініне қарсымын!!! Бәріне сүмірейіп үндемей келеміз ғой осыған дейін, осы кезде "бес бидай" болмай-ақ қояйықшы!!!, - деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында (автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталған - ред.). 

Өзгелердің жаңалығы