Астана, BAQ.KZ. 23 қаңтар күні, сағат 19.00-де Астана қаласында Қазақстанның халық ақыны, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Мен жалындап өтемін» атты музыкалық әдеби кеш өтеді.
Фариза Оңғарсынова аса көрнекті ақын, қоғам қайраткері бола білді. Ол өзінің өміршең отты жырларымен халықтың ыстық ықыласына бөленіп, елдің жұмыр жүрегінен мәңгілік орын таба білді.
Бүгінгі таңда поэзия патшайымның өлеңдерін күллі қазақ баласы сүйіп оқып, жатқа айтатыны жасырын емес. Себебі, ақынның өлеңдерінде ұлттық рух, мөлдір махаббат, тербеткен сағыныш бар. Ал, композиторлар қауымы болса, оның өлеңдерін сүйіп қана қоймай, ақынның сүбелі сөздеріне небір мағыналы, мазмұнды әндер де шығарып жүр.
«Кеш аясында аяулы ақынның өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әсем әндер шырқалады. Концертті тамашалауға келген патша көңілді көрермен «Жаным-дала, көгінен бұлт арылмай», «Айналайын, Оралым», «Қимастарым», «Фариза, Фариза жан, Фариза қыз» секілді туындыларды тыңдап, рухани азық ала алады», - дейді ұйымдастырушылар.
Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының концерті «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының аясында тарихи-мәдени мұраны сақтау, дамыту және дәріптеу мақсатында өткізіледі.