«Евровидение - 2023» Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өтетін болды. Бұл туралы Би-Би-Си-дің тікелей эфирінде жүргізуші Грэм Нортон мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
«Евровидение - 2023» осының алдыңғы конкурста жеңімпаз атанған Украина елінде өтуі тиіс еді. Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты байқауды Ұлыбританияда ұйымдастыру шешімі қабылданды. Себебі британ әншісі Сэм Райдер «Евровидение – 2022»-де екінші орын алған болатын.
Бұған дейін Ұлыбританияда «Евровидение» 8 рет өтті. Соңғысы рет конкурсты 1998 жылы Бирмингем қаласы қабылдады.
Ливерпуль – «Битлз» отаны. Қаланың музыкалық тарихы аса бай. Жыл сайын мұнда мыңдаған шетелдік турист келеді. «Евровидение – 2023» кезінде қала әлем назарында болады. Себебі шоуды тікелей эфирде 160 млн астам адам тамашалайды.
«Евровидение» M&S Bank Arena порттық аренада өтеді. Ол 11 мыңнан астам көрермен сыйдыра алады.