Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуразия ұлттық университетінде «University sports centre» спорттық-сауықтыру кешені ашылды.
Ашылу салтанатында спорт-сауықтыру кешенінің лентасын ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, ЕҰУ-дың бұрынғы ректорлары Амангелді Құсайынов пен Бақытжан Әбдірайымов қиды.Жалпы ауданы 7074 шаршы метр және әр ауысымда 216 адам қабылдай алатын жаңа спорт кешені волейбол, баскетбол, шағын футбол, гандбол, күрес, би сияқты спорттың ойын түрлері бойынша сабақтар өткізуге, сондай-ақ жарыстар мен арнайы спорт секцияларының жаттығу сабақтарын өткізуге арналған.
Кешен ғимараты төрт қабаттан тұрады: бірінші қабатта екі футбол, бір баскетбол және төрт волейбол алаңы; екінші қабатта – ерлер мен әйелдердің киім шешетін бөлмелері; үшінші қабатта – ерлер мен әйелдердің жаттығу залы, бокс залы, шахмат ойнауға арналған спорт кабинеттері, сондай-ақ тоғызқұмалақ, асық ату және бес тас сияқты ұлттық спорт түрлері; төртінші қабатта – теннис ойнауға арналған зал, шейпинг пен биге арналған спортзал орналасқан.
Шара барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, спорт кешенін пайдалануға беру Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай еліміздің дарынды жастарына жағдай жасаудың нақты дәлелі екенін атап өтті. Сонымен қатар қала әкімі Алтай Көлгінов бір жылда пайдалануға берілген нысан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай жүзеге асқанын жеткізе келіп, бұл нысанға алдағы уақытта әкімдік тарапынан қолдау болатынын жасырмады.
Бүгінде ЕҰУ-да еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген 20 мың студент білім алуда. Соңғы сегіз жылда оқу-зертханалық ғимарат, стартап аймағы, 2 Студенттер үйі, оқытушылар құрамы мен қызметкерлер үшін 2 тұрғын үй салынды. Жақын арада скалодром ашу жоспарлануда.