Берік Шәріп: Медициналық мекемелерде "Эутирокс" жеткілікті

21 Сәуір 2020, 17:35
2660
Бөлісу:
Берік Шәріп: Медициналық мекемелерде "Эутирокс" жеткілікті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Елдегі эпидемиологиялық жағдай аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы" тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг барысында "СҚ-Фармация" басқарма төрағасы Берік Шәріп мәлімдеді.

Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде "Эутирокс" препаратының тапшылығы жиі айтылуда. Бұған қатысты Берік Шәріп дәрінің медициналық мекемелерде жеткілікті екенін айтты.

Біз бірыңғай дистрибьютор ретінде жеке меншік дәріханаларға дәрі-дәрмек жеткізбейміз. Тек мемлекеттік медициналық мекемелерді қамтимыз. Оның ішінде амбулаториялық деңгейде тегін таратылатын дәрі-дәрмектер бар. "Эутирокс" препараты да сол құрамға кіреді. Дәрілік өнім гипотиреоз, гипопаратиреоз дерті бар науқастарға біз тегін жеткізуеміз. Төтенше жағдайға байланысты, бірқатар емхана жабық. Сондықтан, жергілікті денсаулық сақтау басқармалары науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін бұл дәрілерді үйлеріне жеткізіп беруде. "Эутирокс" препаратына қатысты жылдық көлем бойынша 158 млн теңгеге шарт жасадық, оның 68 млн теңгелік дәрісі барлық медициналық мекемеге жеткізілді, препарат жеткілікті, - деді ол.

Басқарма төрағасы жекеменшік дәріханаларда "Эутирокс" дәрісінің болмауына қатысты пікір білдірді.

Өкінішке қарай, жекеменшік дәріханаларда бұл дәрінің болмауы мүмкін. Ол жекеменшік дистрибьюторлардың қызметіне байланысты. Бұл мәселені қосымша шешу керек. Өз тарапымыздан, жекеменшік дистрибьютор компанияларымен бұл мәселені шешуге тырысамыз, - деді ол.
Бұған дейін Берік Шәріп өңірлердегі медициналық мекемелерге 86 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі жеткізілгенін айтқан болатын.
Өзгелердің жаңалығы