Еуропалық Парламенттегі социал-демократтар фракциясы Грузияның 1000-нан 2000-ға дейінгі шенеуніктері мен олардың отбасы мүшелерін Еуропалық одаққа визасыз кіру құқығынан айыруды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Ұсыныс 7 қазанда Еуропарламент қабылдаған жаңа тетікке негізделген. Аталған тетікке сәйкес, Еуропалық комиссия адам құқықтарын бұзған елдермен визасыз режимді тоқтату немесе шектеу жөнінде шешім қабылдай алады.
Социал-демократтар фракциясының сыртқы саясат жөніндегі үйлестірушісі Начо Санчес Амор бұл бастаманы түсіндіре отырып, Еуропада грузин билігінің өкілдері сән шараларына қатысып жүргенде, елдегі үкіметтік емес ұйымдардың өз өмір сүруін жеке қаражатпен қамтамасыз етуге мәжбүр екенін атап өтті.
Париж сән апталығында ел билеушілерінің бірінің әйелін көру өкінішті, ал үкіметтік емес ұйымдар өмір сүру үшін жеке қаражаттарын жұмсайды, - деді ол.
Санчес Амордың айтуынша, тек жүзге жуық жоғары лауазымды шенеунікті визадан айыру «маңызды емес, косметикалық шара» ғана болмақ.
Біз бұл идеяны Еуропарламенттен Еурокомиссияға жеткізгіміз келеді: егер бұл механизм қабылданған болса, ол нақты әсер етуі тиіс. Сол үшін шектеу ауқымды болуы қажет, - деді ол.