Еуропарламент АҚШ-пен шілде айында жасалған сауда келісімін Трамптың Гренландияны сатып алу талабының салдарынан мақұлдауды тоқтатты, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
АҚШ президенті Дональд Трамп Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда Гренландияға күш қолданбайтынын мәлімдеді, алайда аралға бақылауды күшейту бойынша келіссөз жүргізуді талап етті. Оның бұл мәлімдемесі Еуропадағы саясаткерлерді алаңдатты және қаржы нарықтарында дүрбелең туғызды.
Еуропарламент шешімді АҚШ Трамптың талаптарын жұмсартып, ынтымақтастыққа қайта оралмайынша сақтайтынын хабарлады. Комитет төрағасы Бернд Ланге Трамптың әрекеттері Дания мен Гренландияның егемендігіне қауіп төндіргенін атап өтті.
ЕО мен АҚШ арасындағы сауда көлемі 2024 жылы 1,6 трлн еуродан асты. Сауда келісімін тоқтату екі жаққа да қысым көрсететін жағдайда орын алды. Тарифтер мен Гренландия дауы осы шиеленістің негізгі себептері болып отыр.