Сауда мәселелеріне жауапты Еуропарламент депутаттары трансатлантикалық қатынастардағы шиеленіске байланысты АҚШ-пен сауда келісімі бойынша жұмысты уақытша тоқтатуға шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ БЕЛТА басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, депутаттар келісімге қатысты дауыс беруді тағайындау мәселесін қайта қарау үшін 17 наурызда Еуропарламенттің сауда жөніндегі бейіндік комитетінде жиналуды жоспарлап отыр. Егер комитет құжатты қолдаса, келісім түпкілікті ратификациялау үшін 25-26 наурызда Еуропарламенттің жалпы отырысының қарауына ұсынылады.
Процесті уақытша тоқтата тұру туралы шешім АҚШ президенті Дональд Трамптың Испанияға қарсы сауда эмбаргосын енгізу қаупі аясында қабылданды. Америкалық көшбасшы Мадридтің Иранға соққы беру үшін ел аумағында орналасқан әскери ұшақтарды пайдалануға рұқсат беруден бас тартқанына наразылық білдірген.
Бұған дейін, өткен жазда жасалған келісім Еуропалық Одақтың америкалық тауарларға 15 пайыздық баж салығын қолдануын көздейтіні хабарланған болатын. Алайда құжатты ратификациялау екі рет кейінге қалдырылды: қаңтарда Гренландия төңірегіндегі жағдайға байланысты, ал ақпанда Америка Құрама Штаттары әкімшілігі жаһандық баж салығын 10%-дан 15%-ға дейін көтеру туралы жариялағаннан кейін.