Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Голландияның Аякс қаласынан келген ерлі-зайыпты Барт пен Марике Алтай аймағын велосипедпен аралап жүр, деп жазады altaynews.kz.
Жаһангездердің айтуынша дүниенің төрт бұрышына велосипедпен сапар шегуді сонау тоқсаныншы жылдардан бастаған. Сол уақыттан бері АҚШ, Канада, Франция, Германия, Балтық теңізі жағалауындағы Эстония, Литва, сондай-ақ, Дания, Италия мен Грузия сияқты елдерде болыпты.
«Астымыздағы темір тұлпарларымызды тақымдап, саяхат жасау біздің ең сүйікті демалысымыз. Бойымызда күш қайратымыз барда әлі де талай ел мен жерді көруге ынтықпыз. Балаларымыз кішірек кезінде үйден тым алыс шыға алмадық. Ал қазір олар есейіп ер жетті. Сондықтан, осы жолы біз әлі болып көрмеген Орта Азияға сапар жасауды жоспарлап, жолға шықтық. Велосипедпен саяхат жасаудың бір жақсысы бұл спорт, денсаулыққа пайдалы, үнемі қозғалыста боласың, екіншіден, барған жерлеріңде асықпай тоқтап, тынығып, фотосуретке де түсіруге ыңғайлы. Тізгіндеген велосипедтеріміз мықты, кез келген жолдың түріне өте төзімді», -дейді Барт.
Қазақстандағы сапарын Барт пен Марике сәуірдің соңында еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан бастапты. Артынша, Өскеменге ұшып келген олар жоспарлары бойынша Катонқарағайды бетке алып, он күн ішінде Алтайдағы «Солдат құлаған» ирек асуынан өтіп, Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай, Аягөз жерлеріне жүріп өтуді көздеуде. Тәжірбелі туристердің айтуынша, Төр Алтайдың тұмса табиғаты баурап алғандығын айтады.
«Ғажап! Басқа айтарымыз жоқ. Неткен сұлу табиғат, мұндай жерде өмір сүріп жатқан сіздер бақыттысыздар, жол бойы таң-тамаша болудамыз,- дейді Марике.
Саяхатшылар Алтайды аралап болғасын, Алматы облысындағы Шарын шатқалы арқылы Қырғызстанға, одан әрмен сапарларын Өзбекстан, Түрікменстан, Иран мемлекеттерінде жалғастырмақ. Орта Азия сапарын олар Арменияда аяқтаймыз дейді.