Еуропалық Одақ жуық арада Ресейге қарсы санкциялардың тоғызыншы пакетін қабылдауы мүмкін. Бұл туралы ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің кездесуінен кейін Одақтың бас дипломаты Жозеп Боррель мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша басқосуда тараптар тек жеке тұлғалар мен кейбір ұйымдарға қатысты шектеулерді ғана келісе алған. Қара тізімге қорғаныс, Мемлекеттік дума, Қауіпсіздік кеңесінің 200-ге жуық өкілі енгізіліп, бірқатар компанияның активі бұғатталмақ.
Біз Украинаға қарсы агрессиясы үшін Ресейге салынатын санкциялардың тоғызыншы пакетін талқыладық. Кездесуде министрлер бұл мәселе бойынша әлі ортақ шешімге келген жоқ. Бірақ осы аптада уағдаластыққа қол жеткіземіз деп ойлаймын. Бұған дейін қабылдаған санкциялар Ресейдің қару-жарақ өндірісіне әсер еткенін байқап отырмыз, - деп хабарлады ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы комиссары Жозеп Боррель.