Еуропалық одаққа (ЕО) мүше елдер Ресейдің 210 миллиард еуро көлеміндегі активтерін мерзімсіз бұғаттау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ЕО Кеңесінің мәлімдемесінде мүше мемлекеттер Еуропалық одақ аумағында бұғатталған Ресей Орталық банкінің активтерін қайтаруға тыйым салу жөнінде ортақ шешімге келгені айтылған.
Құжатта бұл шешім ЕО экономикасына төнуі мүмкін ықтимал зиянды шектеу мақсатында шұғыл тәртіппен қабылданғаны атап өтіледі. Егер мұндай тыйым болмағанда, қосымша қаржы ресурстары Ресей тарапынан Украинаға қарсы соғысты қаржыландыруға жұмсалуы мүмкін еді. Бұл, өз кезегінде, ЕО мен оған мүше елдердің экономикасы үшін ауыр салдарға әкелетіні ескертілген.
Қаулыға сәйкес, Ресей Орталық банкінің немесе оның тапсырмасымен әрекет ететін кез келген заңды тұлғаларға, ұйымдарға не органдарға тиесілі активтер мен резервтерді аударуға тыйым салынады. Бұл шаралар Ресей ЕО экономикасына қауіп төндіріп отырған кезең бойы күшінде болады.
ЕО Ресей активтерін мерзімсіз бұғаттау туралы шешім қабылдады
Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас америкалық X әлеуметтік желісіндегі парақшасында:
ЕО Ресей активтерін мерзімсіз бұғаттау туралы шешім қабылдады, – деп мәлімдеді.
Каллас осылайша Ресейге тиесілі 210 миллиард еуро Украинаға келтірілген залал өтелгенге дейін ЕО аумағында қалатынын айтты.
Ол Ресей бейбіт келіссөздерге шынайы ниет танытқанға дейін қысым күшейе беретінін атап өтіп, келесі аптада Брюссельде өтетін ЕО саммиті алдағы жылдары Украинаның қаржылық қажеттіліктерін қамтамасыз ету тұрғысынан ерекше маңызға ие болатынын жеткізді.
ЕО Кеңесінің бұл шешімін қанағаттанумен қабылдаймын
Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен де бұл шешімге пікір білдіріп:
Ресейдің мемлекеттік активтерін бұғаттауды жалғастыру туралы біздің ұсынысымызды ЕО Кеңесінің қолдағанын қанағаттанумен қабылдаймын, – деді.
Ол соғыстың құнын Ресей үшін одан әрі арттыра беретіндерін атап өтіп, бұл қадам Украина позициясын әрі майдан шебінде, әрі келіссөз үстелінде күшейтетінін айтты.
Бүгін біз өз міндеттемемізді орындадық
ЕО Кеңесінің төрағасы Антониу Кошта өз сөзінде:
ЕО көшбасшылары Ресей Украинаға қарсы соғысты тоқтатып, келтірілген зиянды өтемейінше, оның активтерін бұғаттауға міндеттеме алған еді. Бүгін біз сол міндеттемені орындадық, – деді.
Кошта келесі қадам ретінде 2026–2027 жылдары Украинаның қаржылық қажеттіліктерін қамтамасыз ету көзделіп отырғанын қосты.
Қабылданған шешім аясында бұған дейін әр алты ай сайын Ресейдің шамамен 210 миллиард еуро көлеміндегі мемлекеттік активтерін бұғаттауды ұзарту үшін бірауыздан дауыс беру талап етілетін тетік тоқтатылды.
Осылайша Венгрия мен Словакияның бұғаттау мерзімін ұзартудан бас тарту қаупі жойылады.
Украинаға ірі көлемде несие беру көзделіп отыр
Еуропалық комиссия Ресейдің бұғатталған активтерін Украинаға берілетін несиенің кепілі ретінде пайдалану идеясын ұзақ уақыттан бері пысықтап келеді.
Жоспарға сәйкес, Украинаға едәуір көлемде несие беріледі, ал бұл қарыз тек Ресей соғыс өтемақысын төлеген жағдайда ғана қайтарылуы тиіс.
Бельгия премьер-министрі Барт де Вевер өз еліндегі Euroclear қаржы ұйымында сақталып, санкция аясында бұғатталған Ресейдің 185 миллиард еуро көлеміндегі активтерін Украинаға берілетін несиенің кепілі ретінде пайдаланудың басты шарттары ретінде тәуекелдерді бөлісу, бірлескен іс-қимыл және құқықтық негіздердің нақты көрсетілуі қажет екенін атап өтті.
Ресей активтеріне қатысты балама шешімді Бельгиядан бөлек Италия, Мальта және Болгария да қолдап отыр.
Активтерді мерзімсіз бұғаттау және түрлі кепілдіктер тетігі арқылы Бельгия да Ресей активтерін Украинаға берілетін несиеге кепіл ретінде пайдалану жоспарын қолдауды көздеп отыр.
Бұл мәселеге байланысты Ресей сот процесін бастап кеткен. Мәскеу егер Брюссельдегі Euroclear-де сақтаулы бұғатталған активтері тәркіленетін болса, оның жауапкершілігі Бельгияға жүктелетінін мәлімдеді.
Ресейдің бұғатталған активтері мәселесі 18 желтоқсанда Брюссельде өтетін ЕО көшбасшыларының саммитінде жан-жақты қаралатын болады.