Еуропалық Одақ елдерінде түсік жасату құқығы біркелкі емес. 2025 жылғы “Еуропалық аборт саясаты атласына” сәйкес, ЕО-ның небәрі бес мемлекеті ғана бұл процесті толығымен қылмыстық жауапкершіліктен босатқан, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.
Рейтингтің көшін Швеция (94,6%), Франция (85,2%) және Нидерланды (80,3%) бастап тұр. Бұл елдерде түсік жасату — заңмен қорғалған құқық, медициналық қызметтер кеңінен қолжетімді және мемлекет деңгейінде жалған ақпаратпен күрес жүргізіледі.
Керісінше, Мальта (3,7%) мен Польша (18,6%) рейтингтің төменгі сатысында. Бұл елдерде түсік жасатуға тыйым салынған немесе өте қатаң жазалар қолданылады, медициналық көмекке қол жеткізу шектеулі.
Жалпы, Солтүстік және Батыс Еуропа елдері репродуктивті құқықтар тұрғысынан жоғары ұпай жинаған. Сарапшылардың айтуынша, заң еркін болғанымен, ауылдық жерлерде тұратын әйелдер қалалықтарға қарағанда медициналық қызметке қол жеткізуде әлі де қиындық көреді.
2021 жылдан бері 15 мемлекет өз заңнамасын жетілдіріп, әйелдердің құқығын кеңейткен.
Мысалы:
- Франция абортты Конституциялық құқық ретінде бекітті;
- Люксембург пен Нидерланды міндетті күту кезеңін алып тастады;
- Дания жүктіліктің 18 аптасына дейін түсік жасатуға рұқсат берді;
Литва медициналық түсік жасатуды заңдастырды.
Сонымен қатар, тек Финляндия, Франция және Ирландия ғана түсік жасатуға телемедицина арқылы мүмкіндік береді. ЕО-ның 13 мемлекеті бұл қызметті ұлттық медициналық сақтандыру аясында толық өтейді.
Дегенмен, Еуропада бұл құқыққа кері бағыттағы үрдістер де байқалады. Италия, Мальта және Словакияда соңғы жылдары аборт жасаушыларға қысым күшейіп, мемлекет тарапынан жалған ақпарат тарату жиілеген.
Мысалы, 2024 жылы Италияда түсік жасататын клиникаларға “салауатты өмір салтын жақтаушылар” топтарына кіруге рұқсат беретін заң қабылданған.
Еуропалық Парламенттің Жыныстық және репродуктивті құқықтар форумы (EPF) ұсынған деректерге сәйкес, толық қылмыссыздандыру тек Дания, Эстония, Люксембург, Нидерланды және Швецияда ғана жүзеге асқан.
EPF атқарушы директоры Нил Датта бұл үрдіс феминистік емес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынысына негізделгенін атап өтті.
Швеция мен Франция – аборт туралы жалған ақпаратқа қарсы мемлекеттік деңгейде күрес жүргізетін жалғыз елдер.