Еуропа елдеріндегі "Борис" циклоны салдарынан туындаған су тасқынынан кем дегенде алты адам көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
DW агенттігінің мәліметіне сүйенсек, тағы төрт адам хабар-ошарсыз кеткен.
Циклон Польша, Чехия, Румыния мен Молдовадағы елдімекендерде болған. Австриядағы Төменгі Австрия федералдық аумағында су тасқынының салдарын жою жұмыстары кезінде бір өрт сөндіруші қаза тапты. Өңірдің губернаторы зардап шеккендерге көмектесу үшін әскерилерді тартуға мәжбүр болғандарын айтуда.
Жуырда Молдовамен шекарада орналасқан Румынияның Галац қаласында су тасқыны төрт адамның өмірін жалмады. Қаза тапқандар арасында қарттар да бар. Нөсер жауын су деңгейін көтеріп, ол 1,7 метрге дейін жеткен. Тұрғындар судан қашып, үйлердің шатырына шығуға мәжбүр болған.
"Борис" циклоны Венгрия, Словакия мен Германияны қосқанда, Еуропаға таралды. Баварияда 100 мм дейін жауын-шашын күтілсе, Альпіде қалың қар жауады деп болжам жасалды.