Франция президенті Эммануэль Макрон Брюссельде сөйлеген сөзінде алдағы бейсенбіде Парижде Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысуымен саммит өтетінін мәлімдеді.
Жиын барысында қатысушылар Украинаға бітім жасалған жағдайда қауіпсіздік кепілдіктерін беру және бітімгерлерді жіберу мүмкіндіктерін талқылайды.
Біз Украина армиясына қысқа мерзімді қолдау көрсету мәселесін пысықтап, болашақта Ресей басқыншылығына жол бермеу үшін оның тұрақты және мықты әскери жүйесін құру бағытында жұмыс істейміз. Менің бейсенбідегі басты мақсатым – нақты міндеттемелерді бекіту және Украинаға көрсетілетін қысқа мерзімді көмекті нақтылай түсу, – деді Макрон Еуропалық кеңес отырысынан кейін.
Батыс басылымдары Украинаға әскери қолдау көрсетудің бірнеше ықтимал жолдарын жазуда. The Telegraph-тың хабарлауынша, Макрон БҰҰ аясында батыс әскерлеріне “бейбітшілік орнатушы күштер” мәртебесін беруді көздеп отыр. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров 12 наурызда НАТО әскері Украинада қандай да бір формада орналасатын болса, оны Ресей тікелей қауіп деп санайтынын және мұндай сценарийдің ешбір жағдайда қабылданбайтынын мәлімдеді. Financial Times-тың мәліметінше, Батыс елдері Украинаға әскери контингент жіберудің орнына, оның әуе кеңістігін патрульдеуді қарастырып жатыр.