Еуропа елдері жел энергетикасын дамытуға ерекше көңіл бөлуде

16 Қыркүйек 2022, 18:39
1860
Бөлісу:
Еуропа елдері жел энергетикасын дамытуға ерекше көңіл бөлуде

Еуропаның бірқатар елі жел энергетикасын бірлесіп жедел дамыту туралы келісті. Жарты айдың ішінде екі ауқымды бағдарлама бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

Соңғы айларда әсіресе жел энергетикасы саласында елеулі, тіпті айтулы оқиғалар орын алды. ЕО көптеген елдерінде, әсіресе оның солтүстік бөлігінде, тәулік бойы соққан жел күн мен гидроэнергетикаға қарағанда әлдеқайда перспективалы жаңартылатын энергия көзі болып табылады. Алайда, жел генераторлары табиғатқа зиян келтіреді, бірақ ғалымдар оны азайту жолдарын іздестіруде. Әсіресе Британ аралдары, Скандинавия және құрлықтық Еуропа арасында орналасқан Солтүстік теңізде қатты жел соғады. Жел диірмендерінің Нидерландының ежелден символы болғаны кездейсоқ емес. Атлант мұхитының бұл салыстырмалы түрде таяз бөлігінің жалпы қуаттылығы 20 гигаваттқа (ГВт) жақындаған жел электр станцияларының саны мен көлемі жағынан қазірдің өзінде континентте көш бастап тұр.

Еуропаны қоршап тұрған басқа теңіздер үшін 20 ГВт – тым үлкен көрсеткіш болса, Солтүстік теңіз үшін бұл бастамасы ғана. 12 қыркүйекте ЕО-ға мүше Бельгия, Дания, Германия, Ирландия, Люксембург, Нидерланды, Франция және Швецияның, сондай-ақ ЕО-пен көптеген салаларда тығыз ынтымақтастық жасайтын Норвегияның энергетика министрлері Дублин қаласында ірі инвестициялық жоспарды келісіп, жариялады.

Ол 2030 жылы Солтүстік теңіздегі жел электр станцияларының қуаты төрт есе дерлік – 76 ГВт-қа дейін артатынын, 2040 жылға қарай 138 ГВт-қа жететінін шамалап отыр. Ал 2050 жылға қарай ЕО климаттық бейтараптыққа қол жеткізгісі келгенде, ол 260 ГВт-қа жетуі керек деп болжайды. Нәтижесінде, бұл бағдарлама толық орындалмаған жағдайда да, бүгінде Еуропаны негізінен құбыр газымен және мұнаймен, соның ішінде еуропалық Brent маркалы эталондық мұнаймен қамтамасыз ететін теңіз алып «жасыл электр станциясына» айналады.

Бұдан екі апта бұрын, 30 тамызда Копенгагенде Балтық теңізі жағалауындағы барлық елдердің (Ресейден басқа) саяси жетекшілері де осындай келісімдерге қол жеткізді: бұл жағалауын екі теңіз шайып жатқан Германия мен Дания, сонымен қатар Латвия, Литва, Польша, Финляндия, Швеция және Эстония.

Осылайша, ЕО-ның 14 елі мен Норвегия Еуропаның солтүстік бөлігінде ағымдағы онжылдық пен келесі ширек ғасырдағы электр энергетикасы дамуының негізін салды.

 

Өзгелердің жаңалығы