Бүгін Ақтау қаласында Транскаспий өзара байланысы жөнінде өтіп жатқан министрлердің кездесуінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мүдделі тараптарды Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберінде бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі жұмысты жандандыруға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) одан әрі дамытуға арналған іс-шараға Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия және Түркияның сыртқы істер министрлері мен көлік мәселелеріне жауапты министрлік басшылары қатысуда.
ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Айтбайұлы кездесу барысында осы жылдың қыркүйек айында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының үкіметтері арасында Қытай-Еуропа бағытында теміржол тасымалдарын ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастықты тереңдету бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылғанын еске салды.
Министр бұл бағытта ТХКБ дамуының күшті құралы бола алатын бірлескен кәсіпорын құру бойынша жұмысты жандандыруды ұсынды. Оның айтуынша, аталған кәсіпорын ортақ оператор ретінде жүк жөнелтушілермен және жүк алушылармен жұмыс жасай отырып, маршруттың барлық кезеңінде бірыңғай тариф пен қызметтердің бірыңғай стандартын ұсынатын болады.
Сонымен қатар министр Еуропалық Одақтың маршрутты дамытуға қаржылай қолдау көрсету ниеті туралы мәлім етті.
2021 жылдың 1 желтоқсанында Еуропалық Комиссия мен ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Global Gateway бастамасын іске қосты. Бұл цифрландыру, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, білім беру және зерттеу сияқты салаларда жоғары технологиялық, экологиялық және қауіпсіз жаһандық байланыстарды дамытудың жаңа еуропалық стратегиясы. Аталған стратегияны іске асыру үшін ЕО ТХКБ дамытуға инвестиция салуды жоспарлап отыр, – деді Қ.Өскенбаев.