Еуропалық комиссия TikTok платформасы пайдаланушыларды тәуелді ететін функциялардан жеткілікті деңгейде қорғай алмаған деген қорытындыға келді. Реттеушілердің алдын ала бағалауынша, бұл Еуроодақтың Цифрлық қызметтер туралы заңының (DSA) талаптарын бұзады. Бұл туралы BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап хабарлады.
Еурокомиссия TikTok-тағы шексіз прокрутка (бейнероликтерді тоқтаусыз айналдыру) және басқа да мүмкіндіктер пайдаланушылардың компульсивті мінез-құлқын күшейтетінін, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге кері әсер ететінін атап өтті. Мұндай функциялар қолданушылардың миын «автопилот режиміне» қойып, уақытты бақылаусыз өткізуге итермелейді. TikTok енгізген экран уақытын шектеу және ата-ана бақылауы құралдары жеткіліксіз деп танылды.
DSA талаптарына сай болу үшін TikTok қосымшаның негізгі дизайнын өзгертуі мүмкін: шексіз прокрутка функциясын өшіру, «қарау үзілістерін» тиімдірек енгізу және ұсыныстар алгоритмдерін қайта реттеу қажет.
Ал TikTok компаниясы бұл алдын ала қорытындыларды «мүлдем негізсіз» деп атап, пайдаланушыларға қолдану уақытын өз бетінше бақылауға мүмкіндік беретін құралдар бар екенін мәлімдеді.
2024 жылы басталған тергеу әлі жалғасып жатыр. Егер заңбұзушылықтар расталса, TikTok компаниясына жылдық жаһандық айналымының 6 пайызына дейін айыппұл салынуы мүмкін.