Еурокомиссия еліміздегі авиация саласын реформалауды қолдайды

28 Сәуір 2022, 16:40
1153
Бөлісу:
Еурокомиссия еліміздегі авиация саласын реформалауды қолдайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еурокомиссия Қазақстанның Азаматтық авиация саласын реформалаудағы күш-жігерін қолдайды. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация Еурокомиссия делегациясымен кездесті. Кездесуге ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің кеңесшісі Азат Бектұров, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ бас директоры Каталин Раду, Бельгиядағы ҚР Елшілігінің қызметкерлері, EASA және ирландиялық авиациялық билік өкілдері қатысты.

ЕО өкілдері Қазақстан Үкіметінің азаматтық авиация саласын дамытуға қызығушылық танытып, қатысуын ерекше атап өтті. Еурокомиссия мүшелері сондай-ақ Қазақстанның азаматтық авиация саласын реформалау жөніндегі күш-жігерін қолдайтынын айтып жеткізді.

Сонымен қатар тараптар ұшу қауіпсіздігі бойынша еуропалық стандарттарды одан әрі енгізу үшін іске асырылуы тиіс техникалық мәселелерді талқылауды бастады. 

Осыған байланысты Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті мен авиациялық әкімшілігі әуе көлігі саласындағы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. 

Айта кетерлігі, бұл сапар Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитетінің 2022 жылғы мамырда өтетін отырысының алдында ұйымдастырылған болатын.

Өзгелердің жаңалығы