Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров экспорт пен ішкі нарықтағы ет бағасына қатысты пікір білдіріп, нарықтағы қазіргі жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, фермерлер мал шаруашылығын жоғары қарқынмен дамытуды көздейді. Сондықтан олар еттің экспорттық бағасы 10–12 мың теңге аралығында болғанын қалайды.
Алайда қазіргі таңда экспорттық баға еттің санаты мен сапасына қарай 4,5 мыңнан 6 мың теңгеге дейін қалыптасып отыр.
Еттің қоңдылығы мен сапасына байланысты баға өзгеріп отырады, – деді министр Үкіметтегі брифингте.
Оның сөзінше, ішкі нарықта тірі малдың бір килограмы 1600–1800 теңге шамасында.
Тіпті арзандады деуге болады. Бұрын бұл баға 2000 теңгеге дейін жеткен еді. Қазір орташа есеппен 1700 теңге деңгейінде. Егер осы көрсеткішті етке шақсақ, ішкі нарықтағы көтерме баға шамамен 3000–4000 теңге аралығында болады, – деді Айдарбек Сапаров.
Еске салайық, бұған дейін сиыр етін экспорттауға қойылған талаптар жеңілдеуі мүмкін екені хабарланған.