Алматыдағы этнофестивалдің алғашқы күнінде 500-ге жуық өнерпаз өнер көрсетті. Әлемнің он екі мемлекетінен әйгілі спортшылар садақ ату, қазақ күресі, аламан бәйге сияқты ұлттық спорт түрлерінен бақ сынады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Күннің ыстығына қарамастан, сенбі күні фестивальді тамашалауға 10 мыңнан астам халық жиналды. Есесіне фестиваль қонақтары кәсіби бүркітшілердің, шабандоз жігіттер мен көкпаршылардың, жерден тиын алатын жігіттердің шеберлігіне куә болды.
Тарихи маңызы бар жерде осындай фестивальдің ұйымдастырылуы құптарлық іс. Халық дән риза. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар салт-дәстүрімізбен танысып, жасаған бұйымдарымызға қызығушылық танытып жатыр. Бұйымдарымыздың бағасы қарапайым халыққа ауыр болса да, алып жатқандар бар. Шеберлікпен айналысқаныма 45 жыл өтті. Бүгінгі фестивальге баламды алып келдім. Үйдегі балаларымның барлығы шебер. Осы іс-шараны ұйымдастырған мамандарға алғыс білдіремін, – дейді шебер Қоңыр Бақтыбек.
Фестивальде кішкентай көрермендер үшін танымдық көңілді шаралар ұйымдастырылды. Қаладағы ШОБ өкілдеріне де қолдау көрсетіліп, өнімдерін өткізуге жағдай жасалған. Тіпті бұл мақсатқа арнап дүңгіршіктер мен киіз үйлер тігілген.
Мен көп балалы анамын. Фестивальге қолдан жасаған тағамдарымызды алып келдік. Бағасы қолжетімді. Осы іс-шараны ұйымдастырған қала әкімдігіне алғыс білдіремін. Барлығы өте көңілді әрі қызықты. Сатып алушылардың да қарасы қалың. Алдағы уақыта да осындай іс-шара қолға алынса екен, – дейді кәсіпкер Мәдина Қуатбекқызы.
Осылайша, 12 мемлекеттен келген 150-ге жуық әнші, қолөнерші мен спортшы тарих қойнауына бірге саяхаттады.
Еске сала кетейік, фестиваль 2-3 қыркүйекте ертеңгі 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін өтеді. Кіру тегін.
Өтетін орны: Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркі.
«Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркіне төрт жерден арнайы автобустармен жетуге болады:
1. Орталық стадион;
2. Наталья Сац атындағы театр (Алтынсарин көшесі, 22);
3. «Алатау» дәстүрлі өнер театры (Момышұлы көшесі жағынан);
4. Алматы-1 теміржол вокзалы (автотұрақ)