Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы саясаттанушы Қазбек Майгелдинов бүгін елордада өткен Еуразиялық интеграция институтында «Тұрақсыз әлемдегі тұрақты мемлекет: Тоқаевтың 2020 жылғы басты жеті ісі» баяндамасы барысында айтты.
Саясаттанушы 2020 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері ұсыныстарының басты бағыты – саяси реформа жүргізу болғанын айтады.
Осы бойынша алғашқы пакет қабылданды. Оның маңыздылығы – біріншіден, 30 жылдық Тәуелсіздік мерзімінде бірқатар заң қабылданды, бірақ саяси бағыттарға мысалы, сайлауға, саяси партияларға байланысты заңнамалар жаңа заман ағымына қарай жаңғыртуды талап етіп отырғанында. Осыған орай сайлауға, саяси партияларға байланысты заңнамаларға тікелей өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, митингке байланысты заңнамаға да өзгерістің енгізілуі бұл – заңдардың ескіруін жаңа көзқарасқа, жаңа саяси ағымға байланысты ынталандыру екенін білдіреді. Бұл бастамасы ғана. Өйткені жақында ғана Президент өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мұндай саяси реформалардың жалғасатынын айтып өткен болатын. Алдағы жылдары екінші саяси реформалар пакеті қабылданады. Бұл – қазіргі таңда Қазақстанда саяси модернизацияның негізгі процестері жүріп жатқанын көрсетеді, - деді Майгелдинов.