Астана Операда өткен салтанатты концерт барысында Эстония Президенті Мәртебелі Алар Карис Эстония мен Қазақстан арасындағы достықты музыкалық мәдениет арқылы нығайтудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президенттің айтуынша, концертте Эстонияның екі көрнекті композиторы – Вельо Тормис пен Арво Пярттың туындылары орындалуы екі ел арасындағы мәдени байланыстың тереңдігін айқын көрсетеді.
Бүгінгі кеште біз Эстония мен Қазақстан арасындағы достықты музыка арқылы атап өтеміз. Музыка – эстон мәдениеті мен болмысының ажырамас бөлігі. Вельо Тормис көне фольклорды жаңғыртса, Арво Пярт – заманауи музыканың көшбасшысы. Осы мемлекеттік сапарды эстон мәдениетінің көрнекті қайраткерлеріне арналған концертпен жалғастырғанымызды мақтан тұтамы, – деді Алар Карис.
Мемлекет басшысы кеште айтылған тағы бір жайтқа тоқталды – қазақ тамыры бар эстон компаниясы Арқалық қаласындағы мектептің біріне Эстонияда жасалған пианино сыйға тартқан. Оның айтуынша, бұл – екі ел арасындағы достықтың Астанамен шектелмей, өңірлерге де таралып жатқанын білдіреді.
Жақын күндері Эстонияның екі ғасырлық өндірістік дәстүрімен жасалған аспаптың үні Арқалықта шырқалмақ. Бұл – біздің елдеріміз арасындағы достықтың маңызды белгісі, – деді Президент.
Эстония басшысы Қазақстан тарапына көрсетілген жылы қабылдау үшін алғыс айтып, делегацияның сапардан ерекше әсер алғанын жеткізді.