Орталық сайлау комиссиясы отырысынан кейін болған брифингте журналистерді сайлаудың қай заң шеңберінде өтетіні қызықтырды деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сайлау қай заң шеңберінде өтетіні туралы сауалға комиссия мүшесі жауап берді.
Сайлау дәл қазіргі қолданыстағы заң шеңберінде өтеді. Қазіргі заңға енгізіліп жатқан қосымшалар мен жаңа нормалар әлі талқыланып жатыр. Бүгінде тек бірінші оқылым өтті. Екінші оқылым қашан болатыны бізге белгісіз, - деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман.
Оның жауабын Әділет министрлігінен Алма Мұқанова толықтырды.
Қазіргі кезде Мәжіліс қарауындағы сайлау туралы конституциялық заңға өзгерістер ұсынылып отыр. Биыл 7 қыркүйекте бірінші оқылым болды. Ұсынылған түзетулер депутаттармен қабылданды. Бірақ талқылау әлі жүріп жатыр. Бұл заң жобасы Мәжіліспен қабылданса, Парламент Сенатының қарауына жолданады. Одан кейін Президент қол қояды. Бұл қазан айында ма, қараша ма, жылдың соңында бола ма, белгісіз. Сондықтан біз заң бойынша қабылданбаған нормалармен жұмыс істей алмаймыз, - деді ол.
Демек президент қолданыстағы заң бойынша 5 жылға сайланып, бұл мерзім өткен соң жаңа заң бойынша тағы 7 жылға президенттікке үміткер ретінде сайлауға түсе алады.