Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штаб отырысында есірткіге қарсы насихат бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Олжас Бектенов профилактикалық жұмыста насихаттаудың заманауи нысандары мен әдістерін қолдану қажеттілігіне назар аударды. Танымал онлайн-платформаларда, кинотеатрларда, қоғамдық көліктерде және азаматтардың жаппай жиналатын орындарында әлеуметтік жарнаманы орналастырудың маңыздылығы атап өтілді. Осыны ескере отырып, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі ақпараттық жұмысты түзету тапсырылды.
Бұдан бөлек, Мәдениет және ақпарат, Жасанды интеллект министрліктері Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, мақсатты жарнама мен есірткі сайттарын анықтауға және автоматты түрде бұғаттауға белсенді түрде қосылуы керек.
Синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін анықтау үшін Әділет министрлігі Сот сараптамасы органдарын заманауи жабдықтармен жарақтандыру, сарапшыларды іріктеу және даярлау, сондай-ақ рәсімді жетілдіру және сараптама жүргізу уақытын оңтайландыру қажет.
Шекарадағы өткізу пункттері қазіргі заманғы тексеру құралдарымен, шекаралық бақылау мен радиомониторингтің техникалық құралдарымен қамтамасыз етілетін болады.
Өңірлердің әкімдеріне нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық штабтарды басқару және осы жылдың қазан айының соңына дейін жергілікті жағдайлар мен бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып, нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі нақты шараларды әзірлеу тапсырылды.
Премьер-министр бұл шаралардың барлығы кешенді жоспарда көрініс табуы тиіс екенін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша штабтың 2026 жылға арналған жұмыс жоспары мақұлданды.