Нұрлан имам балаға есім беру салтына қатысты ойын айтты. Ол бұрынғы заманда ата-әжелердің қойған есімдері қарсылықсыз бір ауыздан құпталғанын, дегенмен қазір ат қою рәсімі заманауи әке мен анаға өткенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласы "Ырыскелді қажы" мешітінің бас имамының сөзінше, қазақтар балаға есім беру рәсіміне ерекше құрметпен қараған. Бұрынғы заманда ата-әжелердің қойған есімдері қарсылықсыз бір ауыздан құпталған. Дегенмен қазір ат қою рәсімі заманауи әке мен анаға өткен. Бөгдеге еліктеуден болар, есімінің мағынасын ел түгілі өздері де түсінбей жатады.
Балаға есім беру - өмірде бір-ақ рет болатын ұлы рәсім, әрі сүннет амалдың ең мүкәммәл берігі. Қазақ халқы бұл рәсімге ерекше құрметпен, әрі сақтықпен қараған. Он ойланып, мың толғанып, бір ұйықтап, бір түс көріп, тіпті аянмен балаға ат берген. Ат қоюда халқымыздың даналығы сүннетпен байланыса алдыңғы орында болған. Қазыққа байланған ат іспеттес, балаға арнаған есімге оның тағдырын, келешегін, болашағын байлаған. Әлбетте, ол дәуірдің ат қоюшы ата-әжелердің ақ баталы имани есімдері бүтін бір елге заң болған, қарсылықсыз бір ауыздан құптаған. Қазірде ол заңдылық артта қалып, ат қою рәсімі заманауи әке мен анаға өткен. Бөгдеге еліктеуден болар, есімінің мағынасын ел түгілі өздері де түсінбей жатады, - деді ол Instagram-дағы парақшасында.
Сонымен қатар Нұрлан имам ел ішінде пайғамбарлар есімі балаға ауыр болады деген сәл қате ұғым бар екенін айтты. Айтуынша, пайғамбарлар есімімен аталған балаға ұрсып, жекуде ата-анаға ауыр тимес үшін, шариғат тіркемені қарастырады. Мәселен Сағд ибн Әби Уаққастың есімін аталарымыз Сәдуақас деп, Хасан мен Хусейнді Асан мен Үсен деп ана тілімізге ыңғайлаған. Бұл ретте балаға Мұхаммед есімі берілсе, Муха деп, Ибраһимді Ибо деп ойнап та, қалжыңсыз да қысқартуға болмайды.
Ел ішінде пайғамбарлар есімі балаға ауыр болады деген сәл қате ұғым бар. Негізінде, пайғамбарлар есімімен аталған балаға ұрсып, жекуде ата-анаға ауыр тимес үшін, шариғат тіркемені қарастырады. Мәселен, Ибраһим есіміне Абайды тіркеген. Осы тіркемемен біздің данышпан Абай атамыз әлі күнге жадымызда. Бұдан басқа, жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның бірі – Сағд ибн Әби Уаққастың есімін аталарымыз Сәдуақас деп ана тілімізге ыңғайлаған. Мұхаммедті Махамбет, Ибраһимді Ыбырахым, Хасан мен Хусейнді Асан мен Үсен, Айшаны Қайша, Фатиманы Бәтима деп есімдеген. Негізінде, ат қоюда мен осы екі нұсқаны ұсынар едім. Ал, енді осындай тіркессіз балаға Мұхаммед есімі берілсе, Муха деп, Ибраһимді Ибо деп ойнап та, қалжыңсыз да қысқартуға болмайды. Жалпы, фитратта қазақ болып туылып, мұсылман болып қайтамын деген ниеттегілерге айтарым, жақсылап ұғыныңыздар. Қазақы есімдеріңіз өздеріңізге Құдай берген құт, өйткені бұл өз қаныңыздан тараған өзек. Мұсылмандық есімде емес, жүректе, иманда, амал мен мінезде. Қазақтың көзден, сөзден, тілден қорғаныш есебінде аталған Қиқым, Итаяқ, Жаманбала, Сасықбай, тіпті Көтібар мен Майкөтендер де бұ дүниеден мұсылмандықтан жиренбей, иманмен өткен. Ендеше, өзімізді өзегімізден теппеңіздер…, - деп түйіндеді имам.