Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Мәжілістің кулуарында Алматыда хостелдің жертөлесінен шыққан өртке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі өрт оқиғасы еліміз үшін өте ауыр жағдай. Мен бірінші кезекте қайтыс болған азаматтардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Өздеріңіз білесіздер, таңғы сағат 5:45-те өрт туралы хабарлама келіп түсті. Бір сағаттың көлемі өрт сөндірушілер өртті тоқтатып үлгерді. Өрт салдарынан 13 азамат қайтыс болды, - деді Өмірәлиев.
Бас прокуратура өкілі атап өткендей, ішкі істер органдары осы фактіге қатысты қылмыстық іс қозғады.
Қылмыстық істің сапалы, жан-жақты тергелуін қамтамасыз ету мақсатында Бас прокурор тиісті өкім шығарды. Бас прокурордың тапсырмасымен Бас прокуратураның білікті қызметкерлері, сондай-ақ Алматы қаласы Прокуратурасының қызметкерлері осы тергеу тобымен бірге барлық күш-жігерді салып, осы мәселені қысқа уақытта және кінәлілердің жауапкершілігін қарау мәселесін қарастырамыз, - деп айтты Жандос Өмірәлиев.
Оның сөзінше, ғимараттың 1-қабатында және жертөледе азаматтардың тұрғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Жандос Өмірәлиев бұл заңға сай келмейтінін атап өтті.
«Тұрғын үй» және «тұрғын емес» деген мәселе бар. Тұрғын емес ғимараттарды ауыстыру керек. Бірақ біздің ақпаратымыз бойынша әкімшілік оларды ауыстырмаған. Сол себепті менің ойымша, жертөледе тұру заңға қайшы келеді, - дейді Жандос Өмірәлиев.
Ол атап өткендей, хостелді заң талаптарын сақтамай қолданған мекеме басшылары жауапкершілігі қаралуы керек.
Тергеу барысында өрттің не себепті шыққаны және оның салдары ғимарат басшыларына немесе жалға берген компания басшыларына тікелей қатысы анықталса, онда ешкім заңнан құтыла алмайды, - деп түсіндірді Бас прокуратура өкілі Мәжілістің кулуарында.