Ерекше балалармен 13 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан дефектолог, нейропсихология және сенсорлық интеграция маманы, үш баланың анасы Лаура Сәрсенбаева ерекше баланы тәрбиелеудің қиындығы мен қуанышы, инклюзивті білім берудегі өзекті мәселелер, ата-аналарға қажет қолдау және қоғамдағы көзқарас туралы әңгімеледі. Ол редакциямызға берген сұқбатында егіз ерекше баланы тәрбиелеудегі жеке тәжірибесін бөлісіп, “көзге көрінбейтін еңбектің” шынайы мәнін түсіндірді.
Сәрсенбаева Лаура Илешбайқызы осы салада он үш жылдан бері қызмет етіп келеді. Лаура Сәрсенбаева Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дефектология мамандығын тәмамдаған. Бүгінде диплом алғаннан кейін осы салада қызмет етіп келеді.
Үш баланың анасымын. Үлкеніміз – қыз, сау бала. Одан кейінгі егіздер – ерекше балалар. Ерекше балаларға дейін де мен осы салада жұмыс жасадым. Яғни, еңбек тәжірибем барысында өте ауыр диагнозы бар балалармен жұмыс істедім. Аутизмі бар балалармен, Даун синдромы бар балалармен, ақыл-ойы төмен, ақыл-ойы артта қалған, психикалық дамуы тежелген балалармен жұмыс істедім. Оған қоса, шизофрения диагнозы қойылған балалармен, ең төменгі дәрежеден бастап ауыр ерекшелігі бар балалармен де жұмыс істедім, – дейді кейіпкеріміз.

Содан бері Лаура үздіксіз жұмыс істеп, әрі оқуын да жалғастырып келеді. Ол білімін одан әрі жетілдіру мақсатында нейропсихология, сенсорлық интеграция және адаптивті дене шынықтыру бағыттары бойынша қазір білімін шыңдап жүр.
Сенсорлық интеграция саласы бойынша екінші модульді аяқтадым. Қазіргі уақытта шетелдік мамандардан білім алып, тәжірибемді шыңдап, кәсіби деңгейімді арттырып келемін десем болады, – деп айтты Лаура Илешбайқызы.
“Ерекше баланың анасы болу оңай емес”
Өйткені бұл – 24 сағат, 7 күн, әрі бір бала емес, екі бала болғандықтан өте қиын. Десе де, қиындықтарына қарамай, балаларға диагноз қойылған сәттен бастап біз жолдасым екеуміз жүгіріп келеміз. Балаларымыз үшін Қарағанды қаласынан Астанаға арнайы көштік. Қазір балаларымыз 8,5 жаста, екінші сыныпта оқып жатыр. Алла қаласа, 2026 жылы бастауышты тәмамдайды. Балалар 3 жас үш айынан бастап коррекциялық жұмысқа кірісті, – дейді балалардың анасы.
Лаура диагнозды қабылдау оңай болмағанын айтты.

Әрине, ана ретінде маған бұл оңай болған жоқ. Екі балаға диагноз қойылған сәтті қабылдау, онымен жұмыс жасау өте ауыр болды. Бірақ талмай еңбек ету, күндіз-түні оқу, іздену көп нәтижеге, үлкен жетістікке жеткізді деп айта аламын, – деп қоса кетті ол.
Қазір кейіпкеріміздің егіз баласы жүзумен айналысады. Олар жақында суда жүзуден Дубайда өткен 2025 жылғы жарысқа қатысып келген. Жарыста балалар қалыпты балалармен бірге жүзген. 18 баланың ішінде егіздің біреуі 12 болып келсе, біреуі соңғы орын алған. Оның сөзінше, тіпті дисквалификация алған қалыпты балалар да болған.
Мен үшін бұл – үлкен мақтаныш. Қалыпты балалармен бір қатарда жарысып, солардың ортасында өздерін көрсете алуы – мен үшін өте үлкен жетістік. Одан бөлек, балалар хоккейге барады, мұзда өздігінен сырғанай алады, хоккеймен де біраз уақыттан бері айналысып келеміз. Сонымен қатар екі егіз де спорттық гимнастикамен айналысады. Былтыр Нариман Құрманбаевтың жеңісіне орай өткен турнирде балам екінші орын алды. Биыл спорттық гимнастикадан тағы бір турнир өтіп, сол жарыста үшінші орынға ие болды, – деп атты егіздің анасы.
Айтуынша, егіздің біреуінің даму динамикасы әлі де сәл артта келе жатыр. Бірақ соған қарамастан, тоқтамай жұмыс істеп келеді. Ерекше балалардың анасы көп қиындықтан өттік деп айтты.
Қоғамға қатысты, орталықтарға қатысты мәселелер де болды. Себебі бізде инклюзия соңғы үш жылда ғана қарқынды дами бастады. Оған дейін қоғамда шеттету, түсінбеушілік өте көп болды. Бірақ соның ешқайсысынан мойымай, жұмысымызды жалғастырып келеміз, – деді Лаура Илешбайқызы.
Лаура Илешбайқызының бастамасымен ашылған «Sensory house» дамыту орталығы екі жылдан бері ерекше балаларға көмектесіп келеді. Орталықта тағы екі маман жұмыс істейді.

“Денсаулықтан асқан құнды дүние жоқ”
Ең бірінші кезекте мен адам ретінде, маман ретінде, ана ретінде айтарым – денсаулықтан асқан құнды дүние жоқ. Бұрын біз “денсаулық – аманат”, “денсаулыққа қиянат жасауға болмайды” деген сөздерді көп еститінбіз. Бірақ оны көбіне тек тілмен айтады екенбіз. Шын мәнінде, “тас түскен жеріне ауыр” деген рас. Қандай қиындық, қандай сынақ болса да, оның әрқашан шешімі бар. Алла Тағала оның негізі шешімдерін беріп қойған, тек адам әрекет етуі, еңбек етуі керек, – деді маман.
Сынақтың ішіндегі ең ауыры – денсаулықпен сыналу. Өйткені денсаулықтың қадір-қасиетін адам сол кезде ғана түсінеді. Мысалы, кейде адамдар қарызға батып, өмірден баз кешіп, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатады. Ал шын мәнінде, егер адамның аяқ-қолы сау, дені дұрыс болса, қанша қарызы болса да, одан шығуға мүмкіндігі бар.
Ал біз болсақ, өмір бойы балаларымызға коррекциялық қолдау көрсетіп өтеміз. Өмір бойы оларға қолдау керек, өмір бойы қасында болып, істеп жатқан әрекеттерін қайта-қайта қайталатып отыру қажет. Сондықтан мен денсаулықты ең асыл, ең қол жетпес нығметтерінің бірі деп айтар едім. Қазір айналамызда қиналып жүрген адамдар көп: біреу ипотекасын төлей алмай жүр, біреу қарызға кіріп кеткен, біреу отбасында бақытсыз. Әрине, тас түскен жеріне ауыр. Бірақ егер сенің денсаулығың бар болса, бұл – Құдайдың саған берген үлкен мейірімі. Денің сау кезде сенің көп нәрсені өзгертуге, жасауға мүмкіндігің бар, – дейді ерекше балалардың анасы.
Лаура Илешбайқызы қиын сәттерде күш беретін нәрсе – балаларының, әсіресе егіздерінің жеңістері екенін айтты. Сөзінше, тұңғыш қызы да спортшы.
Балаларымның әрбір жетістігі маған алға қадам жасауға, тоқтамай жылжуға, ізденуге үлкен күш береді, – деді ол.
“Ерекше балалармен жұмыс істеу үшін, ең алдымен, үлкен жүрек керек”
Бір баланың дамуындағы кішкентай жетістіктер мен үшін нені білдіреді? Жалпы былай айтайын: мен осы салада он үш жыл бойы жұмыс істеп келемін. Кейде біздің жасап жатқан еңбегіміз көзге көрінбейді. Сырттай, видеолар арқылы немесе бір сәттік көрініс арқылы қарағанда, кей адамдар оны “бір, екі, үш” деп, шкаламен ғана бағалауы мүмкін. Ал мен айтар едім, егіз баламен де, жалпы кез келген баламен жұмыс істеу үшін ең алдымен үлкен жүрек керек. Үлкен сабыр керек. Ең бастысы – “мен үйретемін” деген маманның ішінде мықты ұстаным болуы қажет. Егер осы қасиеттер болмаса, баламен жұмыс істеу өте қиын. Неге десеңіз, қалыпты балалармен салыстырғанда ерекше балаларға үйрету әлдеқайда күрделі. Кейде бір ғана нәрсені үйрету үшін біз психологиялық, моральдық тұрғыдан қатты шаршаймыз. Бұл физикалық шаршаудан да ауыр. Мысалы, далаға шығып қар күреп тастасаң немесе ауыр қап көтерсең – шаршайсың, ұйықтайсың, демаласың, шаршау кетеді. Ал психологиялық, моральдық шаршаудың емі аздау, – дейді маман.
Лаура Илешбайқызы атағандай, ерекше баламен жұмыс істеу – үлкен ыждаһаттылықты, жалықпай қайта-қайта үйретуді талап етеді. Осы себептен кейде мамандардың өзі де шаршап, күйіп кетіп жатады. Ал біз осының бәрінен өтеміз. Кейде ата-аналар оны түсінбеуі мүмкін: “секірді ме – секіруді үйренді”, “қолына ұстады ма – ұстауды үйренді” деп оңай қабылдайды.

Ал біз кейде бір ай, екі ай бойы бір ғана секіруді үйретеміз. Сол кезде бала оны орындап шықса, немесе қасықты өз қолымен ұстап, тамақты өзі салып жатса, немесе мен үйреткен жаттығуды екі қолымен дұрыс жасап тұрса – менің көзіме жас келеді. Шынымен қуанамын. “Қандай керемет!” дейсің. Сол сәтте кеудеңді мақтаныш кернейді: “мына нәрсені үйренді ғой, қандай керемет” деп.
Сондықтан біздің жұмыс – көзге көрінбейтін, бірақ өте көп еңбекті талап ететін жұмыс. Ал өз балаларымыздың да, алдымызда үйретіп жатқан шәкірттеріміздің де кішкентай болса да жақсы жетістіктерін көргенде, ол бізге шабыт береді. Бұл – біз үшін үлкен жеңіс, – деп айтты Лаура Илешбайқызы.
Екі бірдей ерекше баланы тәрбиелеп отырған қайсар ана
Ол егіздерінің дамуында бір дұрыс емес саты болып жатқанын 1,5 жасында байқап, сезген. Нақты диагноз 2,5 жасында қойылған. Содан бері Лаура Илешбайқызы мен жұбайы көп жолдан өтті, түрлі қиындықтарды бастан кешірді. Жығылған сәттері де, қиналған кездері де болды.
Бірақ осының бәрін, бүгінгі жеткен жетістіктердің барлығын бір ғана сөзбен айтар болсам – білім алу. Яғни іздену, тоқтамай оқу. Қазір де солай: әлі де білмейтінім көп, әлі де оқу үстіндемін, әлі де ізденудемін, – дейді Лаура Илешбайқызы.
Ол кітап оқып, сенсорлық интеграция, адаптивті дене шынықтыру, балалардың миының жұмыс істеуін зерттейтінін айтады. Соңғы кездері тіпті анатомиялық тұрғыдан мидың құрылысы, ішкі ағзалардың құрылымы, балалардың ішкі физиологиялық ерекшеліктерін зерттеп жүр.
Өйткені оның бәрі баланың дамуына әсер етеді. Біз, маман ретінде, осы дүниелерді білуіміз керек, – дейді маман.

Лаура Илешбайқызы ерекше балаларды тәрбиелеу тәжірибесінің өз мамандығына да үлкен пайдасы тигізіп отырғанын атап өтті.
Неге десеңіз, мен ана ретінде ізденемін. Өз балаларымның өмір сүру барысында көрген, байқаған дүниелерімді орталыққа келетін балалармен жұмыс кезінде де, кеңес сұрап келген ата-аналармен сөйлескенде де пайдалана аламын. Сол кезде мен оларға дұрыс жолды, дұрыс бағытты нақты айтып, кеңес бере аламын, – дейді ол.
Әрине, бұл оңай емес. Күндіз – ерекше балалармен жұмыс, түнде – өзіңнің ерекше балаларың.
Жұмыста да ерекше бала, үйде де ерекше бала. Бұл, әрине, ауыр. Бірақ осы екеуін ұштастыра білген кезде, бұл менің жұмысымның одан әрі дамуына, қаншама ата-анаға дұрыс бағыт-бағдар беруге, түзете дамыту, оңалту жолдарын ұсынуға өте жақсы көмектесіп жатыр, – дейді маман.
Лаура Илешбайқызы барлық қиындықты теріс қабылдамайтынын айтады.
Керісінше, оқыған-білген дүниелерімді орталықтағы мамандарға түсіндіргенде, ата-аналарға жеткізгенде, көптеген мәселелердің ара-жігін ажырата білуіме үлкен септігін тигізіп жатыр, – деп сөзін қорытындылайды ол.

“Қоғам ерекше балаларға деген көзқарасты өзгертіп жатыр”
Енді соңғы екі жылға қарасақ, Аллаға шүкір, қазір инклюзивті білім беру жүйесі бойынша өте жақсы заңдар қарастырылып жатыр. Бұрынғымен салыстырғанда бұл үлкен өзгеріс. Десе де, әлі де кейбір жетіспейтін тұстар бар, – дейді Лаура Илешбайқызы.
Оның айтуынша, қоғамда ерекше балаларға деген көзқарас соңғы екі жылда айтарлықтай өзгеріп келеді.
Статистикалық тұрғыдан алсақ, олардың саны қарқынды түрде өсіп жатыр. Енді ата-аналар да ашық айтуға үйрене бастады. Бұрын балалардың ерекшеліктерін жасыратын еді, кейде өздері де білмейтін немесе дұрыс түсінбейтін көзқарастар болған. Қазір әлеуметтік желілерде балаларының ерекшеліктері туралы ашық жазатын ата-аналар көбейіп келеді, – дейді ол.
Лаура Илешбайқызы өз тәжірибесін бөлісті.
Мен өзімнің балаларымға 2019 жылы диагноз қойылғаннан кейін жеке парақша ашып, сол жерде балалардың жетістіктері мен өзгерістері туралы жазып келемін. Қазір де парақша жұмыс істеп тұр, онда балалардың жетістіктері, қиындықтары және басқа да ақпараттар үнемі бөлісіліп отырады, – дейді ол.

Десе де, қоғамда әлі де толық қабылдау жоқ.
Мысалы, қоғамдық орындарға барғанда кейде балалардың кейбір мінез-құлқындағы ерекшеліктеріне қаратып дұрыс емес көзқарастар білдіретін адамдар кездеседі. Автобус, сауда үйлері сияқты жерлерде кейде қате сын-пікірлер, тіпті шабуылдар болып жатады. Кейбір адамдар “тәрбие бермеген” не “білмейді” деп айтуы мүмкін. Сол себепті ерекше баланың қоғамдағы орны әлі де толық қалыптасқан жоқ, – дейді маман.
Сонымен бірге, ол ата-аналарға өз балаларына мейірімділік, құрмет және теңдік қағидаларын үйретудің маңызды екенін атап өтті.
Әр ата-ана өз баласына, әсіресе ерекше баласы болмаса да, баланы оның түрі, сипаты, діні немесе іс-әрекетіне қарай бөлмеу керек, – деп айтты Лаура Илешбайқызы.

Маман статистикалық деректерді де мысал ретінде келтірді.
Соңғы жылдары ерекше балалар саны айтарлықтай өсіп жатыр. Мысалы, бұрын менің қызым барған мектепте бір ғана инклюзивті бала болса, қазір бір сыныпта екі-үш бала отырады. Бұл практикалық тұрғыда, көзбен көріп, олардың санының өсіп жатқанын байқауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті маман.
“Ешбір ата-ана “менің балам мүгедек болсын” деп тілемейді”
Қазір қоғамда, мысалы, жақында ғана Гүлнәр Оразалина есімді блогер өте ауыр, дұрыс емес пікірлер айтты. Менің ұстанымым: саған бір нәрсе ұнамайды немесе бір нәрсені өзгерткің келеді, ол сенің жеке ойың, бірақ оны қоғамдық деңгейде талқылауға құқығың жоқ, – дейді Лаура Илешбайқызы.
Оның айтуынша, әуежайда немесе басқа қоғамдық орындарда біреудің көргенін, жасағанын, жүргенін айту қазір бір трендке айналып отыр.
Кешірім сұрау жеңілдетілген, ешқандай нақты жаза жоқ, – дейді маман.

Лаура Илешбайқызы ерекше балалардың ата-аналарына қатысты өзінің ойын айтты.
Ерекше бала тәрбиелейтін ата-аналар ешқандай жағдайда “менің балам мүгедек болсын” немесе “менің балам ауру болсын” деп тілемейді. Барлық ата-аналар балаларын сау, мықты, аман болуын қалайды. Біз болашақты білмейміз, қандай сынақтар келетіні белгісіз. Сондықтан ешқандай адам өз баласының немесе болашақ ұрпағының толық сау болуына кепілдік бере алмайды, – деді ол.
Сондықтан ауыр сөздер айту немесе сынау алдында ойланып алу маңызды.
“Қыз тәрбиелеп отырсаң жезөкшеге күлме, ұл тәрбиелеп отырсаң ұрыға күлме” деген мақал бар. Сол сияқты, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-ананы сөз қылмау керек, өйткені сен болашақта не күтіп тұрғанын білмейсің, – деп айтты Лаура Илешбайқызы.

Маман жеке өмірден де мысал келтірді.
Менің жолдасым темекі тартпайды, мен де солаймын. Бірақ қазіргі қоғамда блогерлердің оқырман саны бар болғандықтан, кейде ойсыз пікірлерін айтып жатады. Мен мұндайға қарсымын. Қоғамға нақты пайдаң бар ма? Жақсы сөз сөйлесең, пайдалы нәрсе істесең – сол дұрыс. Әйтпесе үндеме. Өз ойыңды өзіңде сақта, дәптеріңе жаз немесе блокнотыңа жаз, – дейді Лаура Илешбайқызы.
“Ерекше балалардың ата-анасының арманы өзгеше болады”
Жалпы, қарапайым болсын, бай болсын, қандай ата-ана болса да, ерекше бала тәрбиелейтін ата-аналарға бірінші кезекте сабыр тілеймін. Ерекше бала тәрбиелейтін ата-аналарды мен өте жақсы түсінемін. Олардың жанарындағы әрбір сезім, әрбір ой – балаға қатысты, – дейді Лаура Илешбайқызы.
Оның айтуынша, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың армандары да өзгеше.
.jpg)
Олар шетелге барып, қымбат бренд киюді армандамайды. Олардың басты мақсаттары – балаларының жақсы болуы, сөйлей алуы, қоғамға қосылуы, ертең өзін-өзі асырауы, – дейді маман.
Лаура Илешбайқызы ата-аналарға ең алдымен сабыр мен шексіз махаббат тілейді.
Ерекше бала тәрбиелейтін ата-аналарға бірінші кезекте сабырлық, екінші кезекте балаларыңызды бар жан-дүниеңізбен, барлық клеткаларыңызбен жақсы көруді тілеймін. Сіздерден артық балаға мейірімді адам жоқ. Алла тағала бір сынақ берсе, оның артында міндетті түрде жеңілдік бар. Сол жеңілдікті сабырмен күте білсек, оның артында үлкен сый тұрады, – дейді ол.
Маман өз тәжірибесін де бөлісті.
Мен жеке өз тәжірибемнен айта аламын: егіздеріме диагноз қойылғаннан кейін біз талмай еңбек еттік. Демалыс дегенді жолдасым көрген жоқ. Осы еңбектің арқасында көптеген жетістікке жеттік, Аллаға мың да бір шүкір, – деп ойын бөлісті Лаура Илешбайқызы.

Сонымен қатар ол ата-аналарға баланы қалай бар, солай қабылдаудың маңызын атап өтті.
Баланы мейіріммен, махаббатпен жақсы көріңіздер. Ана махаббаты көп нәрсені жолға қояды, көп нәрсеге үйретеді. Ерте жастан түзету және дамыту сабақтарын бастау өте маңызды. Бала сөйлеп кетеді деп күтіп отыруға болмайды. Әсіресе сегіз жасқа дейін баланың миы өте қарқынды дамиды, сол кезеңде жұмыс неғұрлым ерте басталса, нәтиже соғұрлым жақсы болады, – дейді маман.
Лаура Илешбайқызы қоғам алдында ұялмаудың да маңызды екенін айтты.
Қоғамдық орындарда сын айтылса, жүрек ауырса да, баланың құқығын қорғау керек. Сонда ғана қоғамның көзқарасы өзгереді. Ерекше бала кез келген жерге бара алады – үйге, кинотеатрға, сауда орталықтарына. Біз өз тәжірибемізде балаларымызды алты ай бойы кинотеатрға үйреттік, қазір еш қиындықсыз барамыз, қоғамдық көліктерде де жүре аламыз, – дейді ол.
Ол ата-аналарды жігерлендіріп, мотивация берді.
Бір бала болса – игеруге болады, екі бала болса – екеуін де үйретуге болады. Қолыңнан келеді, адам жасай алады. Ерекше бала тәрбиелейтін ата-аналарға ең алдымен саулық тілеймін. Анасы ресурста болса, баласын көп жерге жеткізе алады, – деп түйіндеді Лаура Илешбайқызы.

Мектеп-ата-ана-оқушылар: Ерекше балаға білім ордасында қолдау керек
Соңғы екі жылда инклюзивті білім беру жүйесіне айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Президентіміз биыл осы салаға қатысты бірнеше нұсқаулық берді. Егер қабылданған заңдар толық күшіне еніп, бөлінген қаржы өз мақсатында жұмсалса және жүйе мамандардың кеңесімен дұрыс құрылса, инклюзивті білім беру саласында жақсы өзгерістер болады деп ойлаймын, – дейді Лаура Илешбайқызы.
Оның айтуынша, оң қадамдармен қатар, шешімін күткен мәселелер де бар.
Әлі де кейбір түйткілді тұстар сақталып отыр. Инклюзивті сыныптарда жұмыс істейтін кадрлар жеткіліксіз. Дегенмен қазіргі заңнамаға сәйкес барлық бала тең құқылы білім алады. Ерекше балалар да жалпы білім беретін мектептерге барып, инклюзивті сыныптарға қабылданып, педагог ассистенттердің қолдауын алуға құқылы, – деп айтты маман.
Алайда қоғамда кейбір түсінбеушіліктер кездесетінін де жасырмады.
Кейде сау бала тәрбиелеп отырған ата-аналар ерекше баланы дұрыс қабылдамай, оны бөліп-жарып жатады. Бұл – дұрыс емес көзқарас. Бір сыныптағы ерекше балаға мектеп, ата-ана және оқушылар үш тарап болып қолдау көрсетуі қажет, – деп атап өтті ол.
Лаура Илешбайқызы сынып жетекшісінің рөлі ерекше маңызды екенін айтады.
Сынып жетекшісі балаларға мейірімділік пен бір-біріне көмектесуді үйретсе, бұл тек қарым-қатынасқа ғана емес, сабақ үлгеріміне, дене шынықтыру сабағына, асханадағы тәртіпке де оң әсер етеді, – дейді ол.
Сонымен қатар, маман кейбір жағдайда жауапкершіліктің дұрыс бөлінбейтінін айтты.
Өкінішке қарай, кейде сынып жетекшілер барлық жауапкершілікті педагог ассистентке артып, “бұл менің балам емес” деген көзқарас танытады. Ал шын мәнінде, балалар бір-біріне көмектесіп, ынтымақтастықта болған кезде олардың бойында мейірімділік, жомарттық сияқты қасиеттер қалыптасады, – дейді ол.
Маман қазіргі буындағы балалардың тәрбиесіне де назар аудару қажет екенін жеткізді.
Қазіргі бастауыш сыныптағы кейбір балалар эгоист болып өсіп келеді, яғни “мен үшін ғана” деген түсінік басым. Сондықтан мектеп тарапынан сынып жетекшілеріне ұйымдастырушылық қолдау көрсетіліп, семинарлар мен тренингтер жүйелі түрде өткізілсе, бұл процесті едәуір жақсартуға болады, – деп түйіндеді Лаура Илешбайқызы.
.jpg)
Маман инклюзивті білім– барша қоғамның ортақ жауапкершілігі деп санайды.
Инклюзивті білім беруді тек ерекше балаларға немесе ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға ғана қатысты деп ойламаймын. Бұл – барлық адамдар қатысатын, бүкіл қоғамды қамтитын жүйе. Ең алдымен, адам ретінде біз барлығымыз жауаптымыз. Тек “менің балам сау, оқып жүр, білім алып жатыр” деген көзқараспен шектелу жеткіліксіз, – дейді Лаура Илешбайқызы.
Маманның айтуынша, қоғамда ерекше балалардың орнын қалыптастыру үшін ерекше бала тәрбиелемейтін отбасылардың да қолдауы аса маңызды.
Қалыпты адамдар, яғни ерекше бала тәрбиелемейтін отбасылар тек сөз айтып, кемсітпей, керісінше мейірімділік танытуы керек. Қиындықтары бар, жүрегі жаралы адамдарға көмектесу, оларды бөліп тастамау – өте маңызды, – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар ол әлеуметтік ортадағы қолдаудың маңызын ерекше атап өтті.
Мерекелерде, түрлі іс-шараларда ерекше балаларды ортаға қосу, қолпаштап, қолдау көрсету – олар үшін үлкен мүмкіндік. Осындай қарапайым әрекеттер арқылы біз қоғамда қабылдау мен теңдікті қалыптастыра аламыз, – деді Лаура Илешбайқызы.
“Бала жазыла ма?”, “Бала осылай қалып қоя ма?”
Қазір түзету жұмыстарына қатысты бір жас бір ай, бір жас екі ай, бір жас бес айлық балаларға да диагноз қойылып жатыр. Мұндай жағдайда міндетті түрде балалар психиатры мен невролог мамандарына қаралу қажет, – деп санайды Лаура Илешбайқызы.
Маманның айтуынша, ең қиын сәт ата-аналар кеңеске келген кезде туындайды.
Мысалы, кеше, желтоқсанның 27 күні Қарағанды қаласынан кеңеске келген ата-ананы алайық. Егер баланың даму сатысы қалыпты болып, өз уақытында сөйлеп, іс-әрекеттерді түсініп отырса, онда ата-ана не үшін маманға келеді деген сұрақ туындайды, – дейді ол.
Алайда оның айтуынша, бұл жерде ата-ананың ішкі қорқынышы үлкен рөл атқарады.
Шындығында, ата-ана іштей қорқады, баласында қандай да бір ауытқу бар деп сезінеді. Сол қорқынышпен маманның алдына келеді. Мамандар кеңес береді, ұсыныстар айтады, бағыт көрсетеді. Бірақ кейде ата-аналар оны қабылдамауға бейім болады. Мысалы, “біздің баламыз сөйлемейді, бірақ бәрін түсінеді” деген сияқты теріс қабылдаулар жиі кездеседі, – дейді маман.

Ата-аналарды ең көп мазалайтын сұрақтар да бір сарындас.
Көбіне олар “бала жазыла ма?” немесе “бала осылай қалып қоя ма?” деп сұрайды. Мен үнемі айтамын: егер түзету сабақтарын қазір бастасаңыз, баланы қоғамға бейімдеуге болады, өзіне-өзі қызмет етуге үйретуге болады. Үлкен кезде өзіне жұмыс жасап, өзін өзі асырауға да мүмкіндік бар. Бірақ мұның бәрі үшін ең бастысы – ерте бастау, – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар маман ата-аналардың баласының дамуындағы ерекшелікті қабылдамауы үлкен эмоционалдық салмақ түсіретінін жасырмайды.
Ең қиын нәрсе – баласының даму сатысының қалыпты еместігін дәлелді түрде көрсетсең де, кей ата-аналардың оны қабылдамауы. Бұл өте көп энергияны қажет етеді және эмоционалды тұрғыдан қатты шаршатады, – дейді Лаура Илешбайқызы.
“Ерекше баламен жұмыс істейтін адамның жүрегі кең болуы қажет”
Біздің “Sensory house” дамыту орталығы үш негізгі бағытта жұмыс істейді. Олар – сенсорлық интеграция, адаптивті физикалық тәрбие және нейро жаттығулар. Ал нейро жаттығулар нейропсихология элементтерін қолдану арқылы мидың оң және сол жарты шарларын дамытуға бағытталған, – дейді орталық жетекшісі Лаура Илешбайқызы.
Қазіргі уақытта орталықта маманның өзінен бөлек тағы екі қызметкер жұмыс істейді. Оның айтуынша, орталықта жұмыс істейтін мамандарға қойылатын талаптар нақты әрі қатаң.
Менің бірнеше маңызды ұстанымым бар. Біріншіден, міндетті түрде дефектология саласын бітірген, тиісті дипломы бар маман болуы керек. Екіншіден, маман балаға шын жүректен сүйіспеншілікпен қарауы тиіс. Ерекше баламен жұмыс істейтін адамның жүрегі кең болуы қажет, – дейді ол.

Маманның сөзінше, ерекше балалармен жұмыс тек әдістемелік білімді ғана емес, адами мейірімді де талап етеді.
Мысалы, бес-алты жастағы балалармен жұмыс барысында оларды дәретке отырғызу, қажет болса қолдау көрсету, мұрындарын сүрту немесе жылаған кезде жұбату сияқты қарапайым, бірақ өте маңызды әрекеттер жасалады. Мұндай жағдайда маманның жүрегі кең, сабырлы болуы шарт, – деп атап өтті Лаура Илешбайқызы.
Орталықта сабақтар жеке форматта өткізіледі.
Әр бала бір кабинеттік жағдайда бір маманмен жұмыс істейді. Сабақтың ұзақтығы – 50 минут. Одан кейін 10 минут ата-аналарға кері байланыс беріледі. Яғни, бала не үшін жылады, қандай жаттығулар қиын болды, қандай жетістіктерге жетті – осының бәрін ата-анаға міндетті түрде айтып отырамыз, – дейді ол.
Маманның айтуынша, бұл тәжірибе ерекше балалармен жұмыс істеуде өте маңызды.
Астана қаласындағы кейбір орталықтарда сабақтар 30-35 минутпен ғана шектеліп, ата-аналарға кері байланыс берілмейді. Ал мен өз тәжірибемнен білемін: баланың деңгейін ата-аналарға ашық айту өте қажет, – деді ол.
Орталықтың жұмыс кестесі де ата-аналар мен балалардың жағдайын ескере отырып құрылған.
Біз жексенбіден бейсенбіге дейін жұмыс істейміз. Жұма мен сенбі – демалыс күндері. Жұма күнін ата-аналар мен балаларға сыйлық ретінде арнайы демалыс күні деп белгіледік, – дейді орталық жетекшісі.
Сонымен қатар орталық ашылған күннен бастап “Берекелі күн” әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып келеді.
Бұл жоба әлеуметтік жағдайы төмен, екі немесе үш ерекше бала тәрбиелеп отырған, асыраушысы жоқ отбасыларға арналған. Аталған жоба аясында балалар үш ай бойы орталыққа тегін келеді. Бұл үшін маған да, басқа мамандарға да ақы төленбейді – бұл біздің жеке миссиямыз, – дейді ол.
Қазіргі таңда жобаға бірнеше бала қатысып жатыр.
Кейбір отбасыларда қиын жағдайлар бар: жолдасы әйелін немесе балаларын тастап кеткен, баласы ерекше болғандықтан жауапкершіліктен қашқан жағдайлар кездеседі. Осындай отбасылардың балаларына біз үш ай бойы тегін қызмет ұсынамыз, – деді Лаура Илешбайқызы.
Оның айтуынша, орталықтың басты мақсаты – тек ерекше балаларға ғана емес, оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға да қолдау көрсету.
Біздің миссия – әлеуметтік тұрғыдан қолжетімді жағдай жасап, ата-аналардың жалғыз еместігін сезіндіру, – деп түйіндеді ол.
“Ата-ана баласын мектепке бермес бұрын арнайы дайындықтан өткізуі қажет”
Инклюзивті білім беру жүйесінің кейде екі жағы болатынын да ашық айту керек. Бір жағынан, кейбір ата-аналар түрлі себеппен шағымданады. Ал екінші жағынан, балаларын мектепке мүлде дайындамай, бірден сыныпқа беретін жағдайлар да кездеседі. Мұндай кезде бала өзін ұстай алмайды немесе мінез-құлқында айқын ерекшеліктер байқалады. Бұл жағдай сынып жетекшісін де абдыратып қоюы мүмкін, – дейді маман.
Оның айтуынша, дәл осындай жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналар баланы мектепке бермес бұрын арнайы дайындықтан өткізуі қажет.
Сондықтан ата-аналарға айтарым – баланы мектепке бермес бұрын түзету және оңалту орталықтарынан өтіп, мамандармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Сонда ғана бала мектепке біртіндеп бейімделеді, өзіне қызмет көрсете алады. Ал болашақта есейгенде өз бетімен еңбек етіп, өзін өзі асырауға мүмкіндігі болады, – дейді Лаура Илешбайқызы.
.jpg)
Маман бұл жұмысты мүмкіндігінше ерте бастаудың маңызын ерекше атап өтті.
Бұл жерде ең бастысы – уақытты өткізіп алмау. Себебі баланың миы 7-8 жасқа дейін қамыр сияқты өте икемді болады. Яғни, қандай форма бергің келсе, солай қабылдайды. Сол себепті түзету мен дамытуды ерте бастау өте маңызды, – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, инклюзивті білім беру жүйесіндегі тағы бір өзекті мәселе – кадр тапшылығы.
Қазіргі таңда инклюзивті сыныптарға педагог ассистенттер, яғни тьюторлар беріледі. Бірақ олардың арнайы білім деңгейі кейде жеткіліксіз болып жатады. Кей жағдайда педагог ассистенттің өзі пән мұғалімі болып, ерекше балалармен жұмыс істеуге арнайы дайындықтан өтпегендіктен, қиындықтар туындайды, – дейді ол.
Маманның пікірінше, бұл мәселені шешу үшін кадрларды арнайы даярлау қажет.
Егер педагог ассистенттер арнайы педагогикалық білім алып, ерекше балалардың ерекшеліктерін меңгерсе, жұмыс әлдеқайда жеңіл әрі нәтижелі болар еді. Бас қалада бұл мәселені шешу біршама оңайырақ болғанымен, ауылдық жерлерде – Қызылорда, Қазалы, Құлсары сияқты өңірлерде – кейбір мекемелер өз қызметін толық атқара алмай отырған жағдайлар кездеседі, – деді Лаура Илешбайқызы.
Оның айтуынша, мұндай түйткілдер аз емес және олар жүйелі, кешенді шешімді талап етеді.
Инклюзивті білім беру – бір ғана тараптың емес, тұтас жүйенің жауапкершілігі. Сондықтан бұл саладағы мәселелерді уақытылы және кешенді түрде шешу өте маңызды, – деп түйіндеді маман.
“Ерекше балалармен жұмыс – менің өмірлік миссиям”
Жалпы, ерекше баланы тәрбиелеп, ерекше балалармен жұмыс істеу – менің өмірімде саналы түрде таңдаған миссиям. Аллаға шүкір, бүгінде мен тек өз балаларыммен ғана емес, Қазақстанның әр өңірінен орталықтарға келіп, кеңес сұрайтын ата-аналарға да көмектесіп жүрмін. Сонымен қатар Түркиядан, Дубайдан, ал 2025 жылы Мексикадан консультацияға келген ата-аналармен де жұмыс істедік. Олар үш ай бойы балаларымен бірге жүйелі жұмыс істеп, нақты нәтижесін көрді. Амандық болса, келер жылы жазда қайта келеміз деп отыр, – дейді маман.
Ол өз кәсіби дамуын үздіксіз жалғастырып келе жатқанын айтады.
Білімімді жетілдіру үшін басқа мемлекеттерге барып, тәжірибе алмасуға әрдайым ашықпын. Кейде түрлі алаңдарға спикер ретінде шақырады, алайда уақыттың тығыздығына байланысты бәріне бірдей қатыса алмай қаламын. Себебі мен тек блог жүргізетін адам емеспін – күн сайын таңғы сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін орталықта балалармен жұмыс істеймін. Сол себепті кейде келіп түсетін сұрақтардың бәріне жауап беруге де үлгермей жатамын, – дейді ол.
.jpg)
Лаура Илешбайқызы ерекше бала тәрбиелейтін ата-аналарға ең бастысы – тоқтамау керегін айтады.
Біз, ата-аналар ретінде, “шаршадық, жеттік” деп айтуға болмайды. Біз әлі де жолдамыз. Балаларымыз қазір сөйлеп, өз ойын жеткізе алады, екінші сыныпта оқып жатыр. Бірақ соған қарамастан, біз әлі де жұмыс істеп келеміз. Себебі балалар бір жаста тұрмайды. Диагноз қойылған кезде олар екі жарым жаста болса, қазір сегіз жарым жаста. Алла қаласа, жазда тоғызға толады, – дейді ол.
Алда жаңа кезеңдер тұрғанын да жасырмайды.
Алдымызда жасөспірімдік шақ келе жатыр. Бұл кезеңде жыныстық жетілуімен қатар мінез-құлық та өзгереді. Сондықтан біз бұған алдын ала дайындалып, білім алып, өзімізді де, балаларымызды да соған бейімдеуіміз керек, – деп атап өтті маман.
Ол ерекше бала тәрбиелейтін ата-аналарға нақты үндеу жасады.
Мен ата-аналарға әрдайым айтамын: сіздер артында вагон болып жүрмеуіңіз керек. Керісінше, паровоз сияқты алда жүріп, балаларыңыз артта қалмауы үшін өзіңіз білім алып, бір қадам алда болуыңыз қажет, – дейді Лаура Илешбайқызы.
Маман егіз балаларының әрбір даму кезеңі оның кәсіби жолына да ықпал етіп отырғанын атап өтті.
Менің егіз балаларым ерекше қажеттілікті талап етеді. Олардың әрбір кезеңінен өтіп, әрбір жаңа этапта жаңа әдістерді меңгеріп, қоғамға пайдалы болып жатқаныма шын жүректен қуаныштымын. Бұл да – менің өмірлік миссиямның бір бөлігі, – дейді ол.
Сондай-ақ ол түзету мен оңалту жұмысын уақытында бастау аса маңызды екенін ескертті.
Түзету және оңалту бағыттарын ата-аналарға дұрыс түсіндіріп, уақытты өткізіп алмау өте маңызды. Кейде 13-15 жастағы балалар консультацияға келеді, ал олар әлі де памперс қолданатын жағдайлар кездеседі. Бұл – уақыттың өткізіліп алғанының айқын белгісі. Сондықтан мұндай жағдайға жеткізбеу үшін ерте бастау қажет, – деп түйіндеді маман.