Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. QAZAQSTAN ұлттық арнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасына келген мамандар вакцина салдыруға қатысты пікірлерін білдірді.
Нұр-Сұлтан қалалық №2 емхананың алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің меңгерушісі Әлия Әбенованың айтуынша, вакцина алғаннан кейін адам 30 минут бойы қатаң бақылауда болады.
Екпе алған адамды ешқайда жібермейміз. Уақыт аяқталғаннан кейін дәрігерге қайта кіріп, тексеріледі. Сосын ғана үйге жібереміз. Ал келесі күнді бірінші күн деп есептеп үш күн бақылауға аламыз. Біздің арнайы қызметкер қашықтан жағдайын біліп тұрады. Егер денсаулығы сыр беріп, жағымсыз әсерлері болып жатса, керекті ақыл-кеңестерін беріп, жоғарғыдағыларға хабарлап отырады, - деді Әлия Әбенова.
Сонымен қатар, ол вакцинаның оң әсер беріп жатқанын, пациенттерде келесі күні қызу көтерілуден басқа ешқандай жағымсыз әсер туындамағанын айтты.
Алғашқы күндері бақылаудағы пациенттердің қызуы көтеріліп жатады. Осыған дейін тек жағымсыз дейтін әсері - қызудың көтерілуі. Бақылаудың екінші күнінде қызулары түсіп, жағдайлары жақсарады, - деді дәрігер.
Қарағанды медициналық университетінің профессоры Гүлшарбат Алшынбекова антиденелерге қатысты пікір білдірді.
Жалпы, антиденелер дегеніміз қоздырғышқа қарсы түзілетін иммундық қорғаныс жасушалары. Ол әртүрлі деңгейде болуы мүмкін. Адамның өзінің иммундық ерекшелігіне байланысты. Ең бастысы қоздырғыш вирустың мөлшерін де, соған байланысты да аурудың ағымы әртүрлі болады, - деді Гүлшарбат Алшынбекова.
Оның айтуынша, вакцина салдырмаған жағдайда инфекцияның тез үдеуіне әкеп соғып, асқынып кетуі мүмкін.
Қандай түрінде болса да кейде асқынулар болады. Бұл жерде коронавирус мәселесіне келгенде жағдай ерекше. Бұл ауру аяқ астынан асқынулар тудырады. Өлім-жітім болуы да сондықтан. Коронавирус инфекциясының қолайсыз асқынулары қандай да бір созылмалы ауруы бар адамдарда жиі болады. Көбіне ол жүрек, тамыр жүйелері, сонымен қатар тыныс алу жүйлерінде проблемалары бар науқастарда кездеседі. Вакцина эпидемиологиялық тығырыққа тірелген жағдайда жұқпалы ауруды тоқтататын ең қауіпсіз, тиімді тәсіл, - деді Қарағанды медициналық университетінің профессоры.
Айта кетейік, қазіргі уақытта еліміз бойынша 11 мыңнан астам адам екпе алған.