Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал туралы баяндады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Басқарма аймақтағы қоғамдық-саяси жағдайды бақылау үшін әлеуметтік зерттеулер жүргізуде. Әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарының картасы жасалған.
«Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында мемлекеттік және құқық қорғау органдары азаматтарды қабылдаулар өткізуде. Әлеуметтік мониторинг нәтижелері бойынша облыс тұрғындарының өз өмір-жағдайларына қанағаттануының оң динамикасы байқалатындығы атап өтілді. Аудан әкімдері бейнеконференц-байланыс режимінде өңірлердегі қоғамдық-саяси ахуал және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабарлады.
Жүйелі түрде жүргізілетін әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Ешқандай өзекті мәселені назардан тыс қалдырмаңыздар. Сонымен қатар, аудан әкімдіктерінің, жауапты ведомстволардың, құқық қорғау органдарының өзара жұмысын күшейту керек. Әрбір елді мекеннің өзекті мәселелерін зерделеп отырыңыздар. Мәселелерді тек анықтап ғана қоймай, оларды шешу үшін барын жұмыс жүргізіңіздер. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету, - деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі тұрғындардың әлеуметтік төлемдерді уақытылы алуын қадағалауды, ауылдық округ әкімдерін сайлауына қатысты мәселелерді бақылауда ұстауды, мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдауды, карантиндік шектеулердің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Қазір халықты толғандыратын бірінші мәселе – азық-түлік тауарларының бағасы. Бұл орайда әлеуметтік дүкендердің мүмкіндіктерін пайдалану керек, форвардтық келісім-шарттар туралы да ұмытпаңыздар, - деді аймақ басшысы аудан әкімдеріне.
Сондай-ақ жиында хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы да талқыланды.