Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұстаздарға алғысын айтып, 2020 жылғы мектеп бітірушілеріне, колледж бен университет түлектеріне сәт сапар тіледі.
Барлығымыз үшін биылғы 25 мамыр ерекше форматта өтіп жатыр. Әлемдік пандемия біздің күнделікті өмірімізді түбегейлі өзгертті. Биылғы оқу жылы 4 миллионнан астам оқушы мен студенттің есінде қашықтан оқыту форматына көшумен сақталады деп ойлаймын. Қысқа уақыттың ішінде барлығыңыз жұмысты дұрыс ұйымдастыра білдіңіздер. Бұл мұғалімдердің, ата-аналардың, оқушылардың бірлескен әрекетінің нәтижесі деп білемін, - деді министр.
Ол осы ретте ұстаздар мен оқушыларға жеке тоқталып өтті.
Карантин кезінде ұстаздар жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, нағыз ерлік танытты. Ұстаздарға деген алғысымды бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қиын жағдайға қарамастан оқушыларды білім нәрімен сусындатып, оқу барысында тынымсыз еңбек етті. Ұстаздардың арқасында 4-тоқсан толықтай қашықтан оқыту форматында өтті,- деді Асхат Аймағамбетов.Сонымен қатар, 2020 жылдың түлектеріне сәт-сапар тіледі.
Құрметті, мектеп бітірушілер, колледж бен университет түлектері! Әркім болашағының жарқын болғанын армандайды. Сіздер мықты ғалым, табысты кәсіпкер ғана емес, адамгершілігі зор жақсы адам, билік тұлға болатындықтарыңызға сенімдімін. Тәуекелге бару арқылы ғана әркім өзі армандаған мамандықтың иесі бола алады. Ең бастысы мүмкіндіктерді пайдалана білу керек. Еш қорықпаңыздар. Алған беттен қайтпау өте маңызды екенін өз басым білемін. Нақты қадам жасап, ойыңыздағыны іске асыру керек, - деді министр.