Есептегі азаматтар ұлттық спорт түрінен сынға түсті

20 Қазан 2020, 23:38
1470
Бөлісу:
Есептегі азаматтар  ұлттық спорт түрінен сынға түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Байқоңыр қалалық пробация қызметі мен «Жастар ресурстық орталығы» Байқоңыр қалалық бөлімінің ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлері: қол күресі, асық ату, гір тасын көтеру және арқан тартудан спорттық шара өтті. 

Сотталғандар арасында ұлттық спорт түрлерін насихаттау және оларды спортқа баулу мақсатында өткізілген шараға 20-ға жуық есептегі азаматтар қатысты. 

 «Гір тасын көтеру» жарысында 32 кг. гір тасын 80 рет көтеріп, шашасына шаң жұқтырмаған А. есімді есептегі азамат  басқа қатысушылардан оза шауып, І орын алды. Спорттық жарыс одан әрі қыза түсті. Білектің мықтылығын сынайтын спорт түрі қол күрестен де 15 –ке тарта азамат қатысып, «Күш атасын танымас» демекші, нағыз білектіні анықтар бұл сайыста қатысушылар жеңіске жету жолында табандылық танытты. Сайыс қорытындысымен І орынды Ж есімді сотталған алса, ІІ және ІІІ орынды А және А. есімді азаматтар бөлісті. «Арқан тартудан» қатысушылар 4 командаға бөлініп, күші мығым «Қайсар» командасы жеңіске жетті. Айтулы додада мықтыны анықтау өте қиынға түсті. Себебі, бұл жарысқа сотталғандар  тыңғылықты дайындалып келгендерін көрсетті.

Қызықты да тартысты өткен спорттық шараның әділ өтуіне аудандық Жастар ресустық орталығының мамандары қазылық етті.

Жарыс нәтижесімен   жеңімпаздар дипломмен, кубокпен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Пробация есебіндегі азаматтармен түрлі деңгейлердегі спорттық жарыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып  тұрамыз. Бүгінгі шараға қатысушылардың барлығы да белсенділік танытып, өздерінің спортқа деген оң көзқарастарын көрсете білді.Салауатты өмір салтын ұстануға  бағытталған игі шаралар да алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, - деді Байқоңыр қалалық пробация қызметінің бастығы әділет капитаны А.Танбаев.

Өзгелердің жаңалығы