Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясында дәрігерлер тапшылығы мәселесі қалай шешілетінін айтты.
Бізде оттегі концентраторы жабдықтары мен дәрігерлердің тапшылығы бар. Өңірде 130 ӨЖА аппараты бар, олар тек коронавируспен ауырған науқастарға ғана емес, барлық аурухана мен перзентханада, онкологиялық диспансерде қолданылады. Қазір коронавирус індеті бойынша 18 адам ӨЖА-ға қосылған. Қазір науқастар саны артады деген болжам бар, сондықтан қосымша ӨЖА аппаратын алуды жоспарлап отырмыз, - деді ол.Есқалиев атап өткендей, облыстағы 52 оттегі концентраторы науқастардың еміне қолданылып жатыр.
Мәселені шешу мақсатында демеушілердің қолдауымен тапшы оттегі концентраторларға тапсырыс бердік, жақын арада олар жетеді. Медициналық кадрлар жетіспей отыр. Кіші және орта медициналық қызметкерлер тапшы. Індетпен күреске медициналық кадрлардың тек 50 пайызы ғана жұмылдырылған. Медицина қызметкерлерінің көбі ауруға шалдыққан немесе мәжбүрлі демалысқа кеткен. Осы мәселені шешу мақсатында 2 медициналық колледж түлектерін ауруханаларда жұмыс істеуге жеделдетіп оқыту жұмыстары басталды. 15 күннен соң дәрігерлерге 200-ге жуық жаңа медицина қызметкері көмекке келеді. Сонымен қатар, біз басқа қалалардағы медицина ЖОО түлектерін тартуды жоспарлап отырмыз. Жеке медициналық клиникалардан 900 дәрігер әріптестеріне көмекке келді, - деді ол.
Оқи отырыңыз: