Ержүрек жігіттер: Жас қызды суицидтен құтқарған қарағандылық тәртіп сақшылары

7 Мамыр 2020, 19:30
3743
Бөлісу:
Ержүрек жігіттер: Жас қызды суицидтен құтқарған қарағандылық тәртіп сақшылары
PHOTO
Фото: дереккөз

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандылық тәртіп сақшылары лейтенант Ерасыл Мұрат пен сержант Бекзат Омашев өз өмірлерін қатерге тігіп, 24 жасар қызды өлімнен құтқарып қалған. Бұл ерліктері үшін полицейлер ҚР Президентінің Жарлығымен "Ерлігі үшін" медалімен, Ішкі істер министрлігінің "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталды.

Қарағандылықтардың есінде қалған оқиға өткен жылдың 8 қарашасында болған. Қаланың Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы Сатыбалдин көшесінің бойындағы 9 қабатты үйдің шатырына шыққан жас қыз биіктіктен секіріп, өмірімен қош айтыспақ болады. Сол үйге қарама-қарсы үйде тұратын тұрғындардың бірі 102-ге хабарласады. Жедел басқару орталығына қоңырау шалған тұрғын тоғыз қабатты үйдің шатырында жүрген қыздың алдын ала болжам бойынша оның өз-өзіне қол салуы мүмкін екендігін айтып, қызды құтқарып қалуды сұрайды. Бес минуттан кейін оқиға орнына жақын маңда болған патрульдік полиция қызметкерлері Ерасыл Мұрат пен Бекзат Омашев жетеді. 9 қабатты үйдің шатырына көтерілген олар екі жаққа бөлініп, қызды іздеуге кіріседі. Өлімге бас тігіп, балконның шетінде секіруге оқталып отырған қызды бірінші байқаған лейтенант Ерасыл Мұрат оны сөзге тартады.

Күз айлары болғандықтан шатырдың үсті көк мұз болды. Қыз балкон шатырының шетінде аяғын салбыратып отырды. Ол кез келген сәтте биіктіктен құлап кетуі мүмкін еді. Қыздан "Сенің атың кім?" деп сұрадым. Оны сөзге тартып, тыныштандыруға тырыстым. Жылы сөздер айттым. Сол уақытта әр жақтан Бекзат та келді. Ол да қызбен сөйлесті, сосын бірден балконың шатырына секіріп түсіп, қызды жібермей ұстап қалды, - дейді полиция лейтенанты Ерасыл Мұрат.

Отбасылық кикілжіңнен кейін өмірімен қош айтыспақ болған 24 жастағы қыз екі полицейдің көзсіз ерлігінің арқасында аман қалады.

Ерасыл қызды сөзге тартып, алдандырып тұрған уақытта мен артынан білдіртпей келіп, оны ұстап қалсам деп ойладым. Рация мен бас киімімді жерге тастап, үйдің шетіне жақындағанымда қыз мені байқап қойды. Сол уақытта менде оған тіл қатып, маған қарауын сұрадым. Оның әдемі екендігін айттым, ақылға келуін өтіндім. Сосын балконның шатырына секіріп түсіп, оны ұстап қалдым. Сол жерде бірер минуттай отырдық. Одан не болғанын сұрадым, басу айттым. Қыз үнсіз жылап отырды, қарсылық көрсетпеді, - дейді полиция сержанты Бекзат Омашев.

Ерасыл мен Бекзаттың өз өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан қызды құтқарған сәтін қала тұрғындары видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратады. Полицейлер болса, өздерінің ісін ерлік деп санамайды.

Ойланып жатуға мұрша болмады. Бар ойым қызды құтқарып қалсам дедім. Балконның төбесіне секіріп түскенімде оң аяғым тайып кетті, сол кезде сол қолыммен үйдің ернеуінен ұстап үлгердім, - дейді Бекзат.

Қарағанды қаласының ПБ патрульдік полиция сапында қызмет ететін Ерасыл Мұрат пен Бекзат Омашевтың ерлігі ескерусіз қалмады. Жеделдік танытып, батылдық көрсеткендіктері үшін ІІМ-нің "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен, ҚР Президентінің Жарлығымен "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған.

IMG_20200507_192423.jpg

Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін бала кезден армандаған құқық қорғау саласына жұмысқа орналастым. Ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет етемін. Бекзат екеуміз бір экипажда бірге жұмыс істеп жүргенімізге бір жылдан асты. Біздің басты міндетіміз – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз бұл ісімізді ерлік деп есептемейміз. Бұл біздің күнделікті жұмысымыз. Отан алдындағы міндетімізді орындауды бірінші кезекке қоямыз, - дейді лейтенант Ерасыл.

Бейбіт күннің батырларына айналып, күн сайын халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет атқаратын Бекзат пен Ерасылдың ісі көпке үлгі.

Өзгелердің жаңалығы