Нүкежанов әлеуметтік желілерде дін мәселесін қозғайтын азаматтарға кеңес берді

7 Қыркүйек 2021, 14:15
4172
Бөлісу:
Нүкежанов әлеуметтік желілерде дін мәселесін қозғайтын азаматтарға кеңес берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік желіде көп аудиториясы бар, бірақ арнайы діни білімі жоқ адамдардың діни тақырыпты қозғауы қаншалықты дұрыс? Бұл сауалға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов жауап берді.

Бүгінгі күні өзекті тақырыптардың бірі. Менің оларға айтарым, дін тақырыбы өте күрделі әрі нәзік тақырып. Сол себепті үлкен дайындықпен келген дұрыс. Бұл салада белгілі бір ой айту үшін саналы түрде ақыл-ой жинақтап келу керек. Қазақ халқында «шымшықты сойса да қасапшы сойсын» деген мақал бар, яғни, бұл дегеніміз әр нәрсенің арнайы білікті маманы болуы керек, - деді ол.

Комитет төрағасының айтуынша, пандемия кезеңінде көптеген адам әлеуметтік желілерде отыруға мәжбүр. Мұндай уақытта жат ағымдардың діни түсініктері таралу ықтималдығы жоғары. Сол себепті әр тұлға аудитория алдына шыққанда сөзін жақсы түсінуі керек.

Ал белгілі бір үрдіс үшін немесе өзінің танымалдығы үшін әрекет ету дұрыс емес. Мұның бәрі ақыр соңында халықты шатастырады. Сол себепті әрқашан да мамандар жұмыс істеуі керек. Бәрінің өзі пікірін білдіруге мүмкіндігі бар, әрине. Бірақ ол ойлары халықты адастырмауы қажет, - деді Нүкежанов.

Өзгелердің жаңалығы