Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында Ертіс өзенін жайлаған Сібір еліктерінің саны артты. Осыған байланысты қысқы аңшылық кезінде тұяқтыларды қорғау шаралары күшейілді.
Павлодар орманшылығының директоры Жанат Темірғалиннің мәліметінше, облыс аумағын мекендейтін еліктердің саны 500-ден асқан. Мәселен, қалаға жақын қорғаудағы аумақта 50-ге жуық аң жайылып жүр.
Аяз қатайып, қар көптеп түскен кезде орманшылар аңдарды қорекпен қамтуды қолға алады. Еліктер кезіп жүретін жерлерде арнайы орындар жасақталып, сол жерлерге жем-шөп пен тұз салынады.
Өңірде алты орман шаруашылығы бар. Әзірге барконьерлік деректер тіркелген жоқ. Әр орманшы бекітілген аумақтарын үнемі бақылап отырады. Біздің мақсатымыз - оларды қорекпен қамту. Егер азық жетпесе, қостұяқтылар қала ішіне кіріп кетуі мүмкін. Осылайша, адамдардан зардап шегуі ықтимал. Осыған жол бермеуіміз керек. Мамандар күнбе күн арнайы күнделік толтырады. Біздің статистикаға сүйенсек, бүгінде еліктер ондап емес, жүздеп саналады. Көрші елді мекендерден де келуі мүмкін, - дейді Жанат Темірғалин.
Орманшылардың айтуынша, аңдарға арналған қорек жаз кезінде тамыз айында дайындалады. Шүйгін шөп пен тұз көптеп әзірленеді. Нәзік аңдар жер қатып қалса, шөпті теуіп жей алмауы да мүмкін. Сондықтан, қорғау шаралары қолға алынады.