Ертіс өңірінің жас археологтары экспедицияға аттанды

27 Маусым 2024, 17:30
503
Бөлісу:
Ертіс өңірінің жас археологтары экспедицияға аттанды
Фото: Павлодар облысының білім беру басқармасы

Ертіс өңірінің бір топ оқушысы жазғы каникул кезінде археологиялық экспедицияға аттанды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Баянауыл ауданындағы Шапық Шөкин атындағы мектеп жанынан «Әлкей Марғұлан» атты археологиялық-өлкетану бейінді отряды құрылған. Бүгінде өлке тарихына қызығушылық танытқан оқушылар табиғи ескерткіштерді зерттеу мүмкіндігіне ие.

Баянауыл аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлден Хабибуллинованың айтуынша, археологиялық үйірме осыдан бес жыл бұрын ашылып, жұмысын жалғастыруда. 

Осы уақыт аралығында жас археологтармен Торайғыр көлінің маңында орналасқан «Сақ қорғаны» ескерткішінде реставрациялық жұмыстармен айналысты. Білікті мамандармен тәжірибе алмасып, кешенді зерттеу жұмыстарына атсалысты. Қазба жұмыстарына жоғары сынып оқушылары жұмылдырылды. Археологиялық жұмыстармен қатар, балалар өңіріміздің тарихи жерлерін аралайды. Киелі жерлер, өлкетану музейлері сияқты орындар жеткіншектердің таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, болашақ мамандықты ерте таңдауға мүмкіндік береді, - дейді Гүлден Хабибуллинова.

Осы тектес үйірмелердің жұмысы балалардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту, археология саласындағы білімдерді меңгеру, оқушылардың әлеуметтік белсенді тұлғасын тәрбиелеу, археологиялық ескерткіштерді қорғау мақсатын көздейді. Жазғы демалыста оқушылар аудандардың тарихи ескерткіштерін аралап, ақпарат жинаумен айнасылады.

Өңірде «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында 900-ге жуық жеткіншек «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен еліміздің лагерьлерінде демалады. Осы күнге дейін 200-ге жуық ауыл оқушысы «Жас дәурен» лагеріне жолдама алды.

Өзгелердің жаңалығы